Шымкентте көмір тапшылығы жоқ. Әкімдік мәліметті теріске шығарды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент әкімдігі қалада көмір тапшылығы туындағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше бұқаралық ақпарат құралдарында көмір тапшылығына қатысты ақпараттар жарық көргеннен кейін, бүгін әкімдіктің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме таратты. Қала басшылығына сенсек, шым шаһар қатты отынмен қамтамасыз етілген.

«Барлық базада көмір жеткілікті. Сонымен қатар, бүгін, 12 қаңтарда қалаға 15 вагон көмір жеткізілді. Әрбір вагонның салмағы 96 тоннаны құрайды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТҮКШ) бөлімі тұрғындардан келіп түсетін өтініштерді үнемі бақылауға алып отырады, сонымен қатар аудандық әкімдікке түсетін өтініштер де назардан тыс қалмайды. Әкімдікке не болмаса әкімдіктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына ешбір тұрғын көмір тапшылығы жөнінде өтініш қалдырмаған. Осыған байланысты, сіздер осы секілді не өзге де мәселелер бойынша жергілікті аудан әкімдігіне, ТҮКШ бөліміне, WhatsApp нөміріне немесе әкімдіктің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына сұрау қалдыра аласыздар», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, күні кеше қаладағы жергілікті арналар мен ақпараттық сайттарда Шымкентте көмір қоры таусылғандығы жөнінде ақпараттар тарады. Атап өтілгендей, тапшылық Қарағандыдан көмірдің уақытылы жеткізілмеуінен туындаған. 

Соңғы жаңалықтар