Шымкентте қатты дәрі-дәрмектер шығаратын кәсіпорын жұмыс істей бастады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Шымкенттегі  «Химфарм» зауытында пероральды қабылдауға арналған қатты дәрі-дәрмектер шығаратын жаңа цех іске қосылды. Жылына 200 миллион таблетка шығаруға қауқарлы кәсіпорынның өнімі кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында сатып алынатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Бүгін зауыттың 135 жылдығы мен цехтың іске қосылуы салтанатты түрде аталып өтті. Шараға қатысқан облыс басшысы Жансейіт Түймебаев зауыт басшылары мен қызметкерлерін бүгінгі қос қуанышпен құттықтады.

null 

«1882 жылы құрылған «Химфарм» АҚ республикамыздағы ескі фармацевтикалық кәсіпорындардың бірі. Бүгін аталған кәсіпорынға 135 жыл толып отыр. 2011 жылдың тамыз айынан кәсіпорынның серіктесі еуропалық «Polpharmagroup» компаниясы болып келеді. Кәсіпорынның өркендеп дамуына тілектестігімді білдіре отырып, ел экономикасының дамуына қосар үлестеріңіз көп болсын деймін», - деді әкім.

Жаңа цех фармацевтикалық өнімдерге қойылатын GMP талаптарына сай салынған. Қатты дәрі шығаратын өндіріс цехы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда 72 адам жұмыспен қамтылса, олардың басым бөлігі Polpharma тобының үздік өндіріс орындарында оқып келген. Өндірістің құны 13,5 млн АҚШ долларын құрайды. 

null 

Сондай-ақ, ҚР Үкіметі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен дәрі шығарушы  компаниясына өнімдерін сатып алу кепілдігі беріліп отыр.

«Бүгін біз пероральды қабылдауға арналған қатты дәрілердің жаңа өндірісін іске қостық. Бұл 2011 жылдан бері ашылған, халықаралық GMP сапа стандартына сай келетін үшінші цех. Біздің дәрі-дәрмек Қазақстан мен көрші елдердегі амбулаториялар мен стационар емдеу мекемелерінде тиімді қолданылуда. Дәрі шығарушы компанияның тұрақты және үдемелі дамуының тағы бір жобасын сәтті аяқтағанымызды мақтан тұтамыз», - деді компанияның бас директоры Ижи Урбанец.

null 

Зауыттың өндіріс қоржынында терапияның түрлі салаларындағы ауруларды емдеуге арналған 12 фармацевтикалық топқа жататын 200-ден астам дәрі-дәрмек бар. Компания өз өнімдерінің 90% ішкі нарыққа жеткізсе, 10%-ын бес елге экспорттайды, олар - Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Монғолия және Түрікменстан. Болашақта Өзбекстан Республикасымен де тығыз байланыс орнатпақ.

Дәрі шығарушы компания фармацевтикалық өнімдердің жаңа түрлерін жаңғырту және өндіру мақсатында «Химфарм» АҚ-ға 100 млн. АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Қазіргі уақытта компания дәрі-дәрмектер өндірушілердің арасында жетекші орын алады және отандық дәрі-дәрмектер нарығының 40 пайызын, ал еліміздегі жалпы дәрі-дәрмектер нарығының 4 пайызын қамтиды.

null  

Айта кетейік, 2016 жылы Польша Республикасы мен ОҚО арасындағы тауар айналым 13,3 млн АҚШ долларын құраса, жыл басынан бері тауар айналымы 8,5 млн АҚШ долларын құрады.

null 

Соңғы жаңалықтар