Шымкентте Елбасы Жолдауын насихаттайтын ақпараттық топтар құрылатын болды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа Жолдауындағы бағыттар Шымкентте жүзеге асырылуда. Бұл туралы бүгін қалалық әкімдік активінің кеңейтілген мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әл Фараби ауданы әкімдігінде өткен мәжіліске Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев, қалалық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаров бастаған қала активі, шаһардағы 4 ауданның әкімдері мен түрлі сала ардагерлері, құрылымдық бөлімдердің қызметкерлері мен мұғалімдер, БАҚ өкілдері қатысты.

Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылауға арналған қала активінің отырысында алдымен шаһар әкімі сөз алды. Нұрлан Ермекұлы қалалық әкімдік тарапынан атқарылар жоспар туралы толық баяндады. 

«Биылғы Жолдаудың ерекшелігі - «Қазақстан-2050» даму стратегиясындағы дамыған отыз елдің қатарына енудің алғашқы қадамдары белгіленді. Дамыған технология заманында әлемнің бет-бейнесі жедел өзгеруде. Кешегі қиялда жүрген арман-ойлар бүгін күнделікті өмірге енуде. Елбасы кім ақылымен санасып, ұтымды қимылдаса, жеңіс соның қолында болатынын әркез айтып келеді. Ол дегеніміз - арқаны кеңге салмай, еңбек етуде ескі стереотипті қойып, рухани жаңғыруда, білімді де әлем елдерімен бәсекеге қабілетті ұлтқа айналуға ұмтыла білуде деп түсінемін. Сондықтан әр азамат Жолдауда айтылған міндеттерге аса мән беріп,  іске асуына өз үлесін қосуы қажет. Оның негізінде ұлтымыздың болашағы, халқымыздың жағдайын жақсарту мақсаты жатыр. Қазақстанның қуатты елге айналуы - әрбір өңірге, онда атқарылып жатқан іргелі істерге байланысты екенін Елбасы шегелеп айтты. Оның ішінде Шымкент қаласының алатын орны бөлек», - деді Нұрлан Сауранбаев.

Шаһар әкімі қалада қазірдің өзінде әлеуметтік-экономикалық даму ауқымы жағынан еліміздегі ірі үш мегаполистің бірі болып табылатын жеткізді. Сондықтан жүктелген міндеттерді сезіне отырып, жергілікті атқарушы органдар атқаратын жұмыстың бағытын айқындап берді.

Жиын барысында қатысушылар Елбасы Жолдауының отансүйгіштік пен ұлтжанды қасиеттерді тәрбиелеуде де маңызды құжат екенін атап өтті. Ұстаздар жағы болса өскелең ұрпақтың тәрбиесі дамыған Қазақстанның болашағы үшін аса маңызды екенін жеткізді.

 Мәжілісті қорытындылаған қала әкімі Нұрлан Сауранбаев Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында Шымкентте ақпараттық топтар құрылатынын хабарлады.

null null 

Соңғы жаңалықтар