Шымкентте екі әйелді атып кеткендерге іздеу жарияланды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте  осыдан үш ай бұрын қайтыс болған кәсіпкердің енесі мен әйелін өлтіріп кетті. Қанды оқиға қала іргесіндегі Тассай елді мекенінде орын алған. Жергілікті полиция күдіктілерге іздеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер үйге баса-көктеп кіріп, марқұмның енесі мен әйелін атып кеткен. Ауыр дене жарақатын алған қос жәбірленуші оқиға орнында қаза тапқан.

«16 наурыз күні Шымкент ҚІІБ Қаратау полиция бекетіне телефон арқылы 1984 жылы туылған жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Ол  белгісіз тұлғалар көрші үйге баса-көктеп кірейін деп жатыр деп хабарлаған. Оқиға орнына келіп жеткен полиция қызметкерлері өз үйінде зорлық-зомбылық белгілерімен өлтірілген екі әйелдің мәйітін тапты. Тәртіп сақшылары олардың  үй иесінің 1931 жылғы енесі мен 1950 жылғы әйелі екенін анықтады. Аталған жайт Қаратау полиция бекетінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркелді. ҚР ҚК-нің адам өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде», делінген баспасөз хабарламасында.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері марқұмдарды  қандай мақсатпен өлтіргенін анықтауда. Сондай-ақ  күдіктілердің тұлғасын анықтау, ұстау шаралары жүргізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар