Шымкентте балабақшаның төлемақысы қымбаттады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте балабақшаның төлемақысы қымбаттады. Қала әкімінің қаулысымен төлемақы осы жылдың қаңтар айынан бастап өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық білім бөлімінің есепшісі Қарлығаш Атайбекованың айтуынша, балабақшалардағы төлемдердің сомасы жас ерекшелеріне қарай көтерілген.

«Шымкент қаласы әкімі Нұрлан Сауранбаевтың қаулысымен балабақшадағы бір күндік төлемақы - 436 теңге 75 тыйын болып отыр. Яғни бұрынғы бағамен салыстырғанда 105 теңге 69 тыйынға көтерілген. Бір айлық төлемақысы - 9608 теңге 5 тыйын болып белгіленді. Ал, 3-7 жас аралығындағы баланың бір күндік төлемақысы - 527 теңге 94 теңге болып, 129 теңге 16 тыйынға қымбаттады. Айлық төлемі 11 614 теңге 68 тыйынға тұрақтады», - деді Қарлығаш Атайбекова.

Өткен 2017 жылы ата-аналар мемлекеттік балабақшада бір балаға 8370 теңгеден төлеп келген еді.

Білім бөлімі есепшісінің сөзінше, төлемақының өсуіне кәсіпкерлердің уәжі себеп болған. Мемлекет есебінен қаржы алатын жекеменшік балабақшаларда тамақтың нормасы тиісті талаптарға сай келмейді. Өйткені қазіргі төлемақы ол талаптарды орындауға жеткізілксіз екен. Осыны негізге алған өңірдің Кәсіпкерлік палатасы қалалық білім бөліміне төлемақының сомасын өсіру қажеттілігі туралы хат жолдапты.

«Осы хаттың негізінде білім бөлімі Облыстық статистика департаментіне хат жолдап, нарықтағы әр азық-түліктің бағасы жеке-жеке алынды. Сөйтіп заңғы сәйкес бір балаға берілетін тамақтың калькуляциясы жасалынды. Осының негізінде бір күндік тамақтың, яғни қазіргі көтерілген баға белгіленді. Одан кейін екі сараптамалық қортынды алынып, оның негізінде Шымкент қаласы әкімінің қаулысы шықты»,- дейді Қарлығаш Атайбекова.

Соңғы жаңалықтар