Шымкентте әжесімен бірге көз жұмған үш бала газдан уланған - қала басшылығы

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте үш бала мен кейуананың қайтыс болуына байланысты қала басшылығы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов марқұмдардың иіс тиіп уланып қалғанын мәлім етті.

«Шымкенттегі көп қабатты үйлердің бірінде газдан уланып егде әйел мен 3 бала қаза тапты. Ересектер тарапынан қарапайым қауіпсіздік шаралары сақталғанда төтенше жағдайды болдырмауға да болар еді. Дер кезінде мұржаны тексеріп, орнатып қою қажет еді. Республика даңғылындағы пәтерде қосымша газ құрылғысының бөлек мұржасы болмаған. Өкінішке орай, сумен жылытылатын көптеген пәтерлерде мұржаны тексере бермейді» -  дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов.
null

Оның айтуынша, қала тұрғындарына мұржа тазаланбаған немесе автономды болса техникалық қызмет көрсетушілермен келісімге тұрмай, өздігінен газды қолдануға болмайтындығы ескертілуде.

«Алайда, тұрғындар мұны адамдардың тағдыры үшін айтып жатқанымызды түсіне бермейді. Өздеріңіз ойлап қараңыздар, ересектердің немқұрайдылығынан 4, 10 және 11 жастағы жеткіншектер мен кейуананың  өмірі қиылды. Қалалық әкімшіліктің атынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтамын. Екіншіден, бұл оқыс жағдайды барлығы өздеріне ескерту ретінде қабылдаса» - деді әкімнің орынбасары.

Ол тұрғындарға мамандарды шақыртып, газ құрылғыларын, мұржаларын тексеруды сұрады. «Қажет болса автономды жүйеден бас тартыңыз», деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.

Еске салайық, кеше Республика даңғылы бойындағы көпқабатты үйден үш бала мен егде жастағы әйелдің мәйіті табылған болатын . Олардың өлі денелерін табуға көршілері мен туыстарының дабыл қағуы себеп болған еді. Сарапшылар марқұмдардың қайтыс болғанын үш күн өтіп кеткен деген болжам жасап отыр.  

Соңғы жаңалықтар