Шымкентте адамдар тұрып жатқан көпқабатты үйдің жері 58 мың теңгеге сатылып кетті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте бес қабатты үйдің жері жекенің қолына өтіп кеткен. 

Тұрғындар бұл туралы жуырда ғана білгендігін айтуда. Енді 38 пәтерлі үйдің жерін қайтару үшін сотқа шағымданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
null

Құжаттарға сәйкес, кәсіпкер келіншек Желтоқсан көшесіндегі 26-шы үйдің тұрған жерін, алдындағы көшесімен бірге Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінен сатып алған. Өткен жылдың қараша айында рәсімделген құжатта тараптар арасында сату-сатып алу келісімшарты жасалып, қала орталығындағы 0,1087 га жер бар болғаны 58 650 теңгеге сатылып кеткен. Оның ішінде 0,0023 га жерге сұлулық салоны салынады деп көрсетілген. Тұрғындар бұл жаңалықты аяқ астынан естіп қалғанын айтады.

«Біздің үйдің бірінші қабатындағы пәтерді бір келіншек сатып алып, сұлулық салонын салмақшы болды. Коммерциялық нысанның біздің рұқсатымызсыз салынып жатқанына Әл-Фараби аудандық сотына жүгіндік. Сотта ол азаматшаның жерге иелік ететіндігі туралы мемлекеттік акті көрсетілді. Құжатқа сәйкес, ол сұлулық салонын ғана емес, біз тұратын көпқабатты үйдің 11 сотық жерін көлік жүретін алдындағы жолымен бірге заңдастырып алған болып шықты. Сату  бағасы да қисынға келмейді - 58 650 теңге», - дейді көпқабатты үйдің тұрғыны Ольга Ом.
null 

«Біз сұлулық салонын салуға қарсы болдық. Себебі үйдің кіреберісінде тазалық болмайды, кәріз құбырлары бітеліп қалады. Сөйтсек, біздің тұрған жеріміз де сатылып кеткен. Біз тұрып жатқан үйіміздің жерін сатып жіберу заңға қайшы емес пе?», - дейді тағы бір тұрғын Вадим Трояновский.
null 

Тұрғындардың сөзінше, олар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ОҚО бойынша департаментіне, Шымкент қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне шағымданған. Жауап тек жер қатынастары бөлімінен келді.
null

«Шымкент қалалық жер қатынастары бөліміне берілген арыздарыңыз бойынша мамандар тиісті тексерулер жүргізді. Желтоқсан көшесіндегі 26-үйдің жер учаскесі мен сұлулық салонының жер телімі қала әкімінің 16.11.2016 жылғы №2176 қаулысына сәйкес, жалпы көлемі 1087 шаршы метр жер Н.А. Әбдіразақоваға берілген.  Аталған жер телімін қосымша тексеру үшін облыстық сәулет-құрылыс бақылау және жер инспекциясы басқармаларына, сондай-ақ қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне жолданды. Берілген жауапқа қанағаттанбаған жағдайда жоғары тұрған органдарға шағымдануларыңызға болады», - делінген Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қ.Сайлауовтың берген жауап хатында.
null

Нәтижесінде тұрғындар Әл-Фараби аудандық сотына арызданды. Қалай болғанда да көпқабатты үйдің пәтер иелері соттан әділдік болмаса, далада қалып кетеміз бе деп қорқып отыр. 

Соңғы жаңалықтар