Шымкентте 10 адамды алдап кеткен алаяқ әйел ұсталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте 10 тұрғында алдап кеткен алаяқ әйел ұсталды. 29 жастағы келіншек баспана алуға көмектесемін деп олардың  ақшаларын иемденіп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктінің үстінен 38 жастағы қала тұрғыны шағымданған. Ол өз арызында танысы өзін банкте істеймін деп сеніміне кіріп, бір миллион теңгеге жуық ақшасын алған. Кейін ұстатпай кетіпті. Артынша полиция бөлімшесіне дәл осындай арыздар бірнеше жәбірленушіден түскен. 

Тәртіп сақшылары тез арада іздестіру шараларын жүргізіп, сезікті әйелді қолға түсірді. Жауап алу барысында оның 10 алаяқтыққа қатысы бар екендігі анықталды.

Яғни, күдікті негізінен үй алғысы келетін адамдарды тауып, соларды алдаумен айналысқан. Барлық жағдайларда ол жәбірленушілердің сеніміне кіріп, баспаналы болуға көмектесемін дейді. Соңынан ақшаларын алып болған соң, ізін суытқан.

Қазіргі кезде келіншектің жәбірленушілерге бас-аяғы 3,5 млн теңгеден аса залал келтіргені дәлелденіп отыр. Одан бөлек басқа да аляқтық қылмыстарға қатысы барлығы анықталуда.

Бүгінгі таңда күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. 

Соңғы жаңалықтар