Шымкент әкімі әскери комиссариатқа «Нива» сыйлап, жаңа ғимарат салып беруге уәде етті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкентте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік марапаттаулар жаппай өтіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық әскери комиссариатта болды. Сапар барысында мекеменің жұмысымен танысып, барша әскери ұжымды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, ел егемендігін сақтауда әскери күштерінің ерекше маңыздылығын атап өтті. Мереке құрметіне орай қала әкімі аталған мекемеге жаңа "Нива" автокөлігінің кілтін табыс етті. Сонымен қатар, алдағы уақытта мекеме қызметкерлеріне арнап «Нұртас» шағынауданы аумағынан жаңа кеңсе ғимараты салынатындығын жеткізді. Қазіргі таңда осы мақсатта 1 гектар жер бөлініп, нысанның нобайы дайындалды. Іс-шара барысында әскери оркестрдің сүйемелдеуімен жауынгерлер жекпе-жек түрінен өнер көрсетті.

Сонымен қатар, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай Шымкент қаласының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, түрлі салаларда жетістікке жеткен жастарға қала әкімінің "Үздік" жастар сыйлығы табысталды. Салтанатты шарада түрлі номинациялар бойынша 14-29 жас аралығындағы 25 жас өз саласының үздігі деп танылды. Сондай-ақ қала әкімінің атынан диплом, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Дәстүрге айналған "Үздік" жастар сыйлығы осымен 6-шы рет ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат: қоғамның түрлі салаларында (мәдениет, өнер, білім, ғылым, әлеуметтік, халыққа қызмет көрсету және т.б) еңбек ететін дарынды, талантты жастарға қолдау көрсету.

Соңғы жаңалықтар