Шығыстың кәсіпкерлері бір жылда 39 млрд теңге салық төлеген

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы үшінші жыл қатарынан шағын бизнесті қолдау көрсеткіштері бойынша өңірлер арасында көш бастап келеді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов шағын бизнес өкілдерімен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуге жеңіл өнеркәсіп, сервис, туризм және қайта өңдеу сияқты түрлі салалар бойынша белсенді іс жүргізіп отырған кәсіпкерлер шақырылды. Олар бірнеше аталым бойынша облыс әкімінің алғыс хаттары мен грамоталарына ие болды.

«Шағын бизнестің өңір экономикасындағы үлесі жыл сайын артып келеді. Бір жылдың ішінде сіздер бюджетке 39 млрд теңгенің салығын төледіңіздер. Жер-жерде ашылған жаңа бизнес нысандардың арқасында 2000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Мұның бір жағында мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың әсері де бар. Біздің өңір  шағын бизнес нысандарына несие беру және оның пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау көрсеткіштері бойынша үшінші жыл қатарынан алдыңғы орыннан көрініп отыр. Биыл тек инновациялық гранттар үшін шағын бизнеске облыс бюджетінен 150 млн теңге бөлінді» - деді облыс әкімінің орынбасары.

Еңбегі бағаланып, марапатқа ие болған кәсіпкерлер арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да болды. Соның бірі - Жанна Жабекова. Көлік апатының кесірінен арбаға таңылған ару алғашқы кәсібін Көкпекті ауданында жұмсақ ойыншықтар тігуден бастаған. Оның қолынан шыққан ойыншықтар мен тоқылған себеттер, маржаннан өрілген әшекейлер қазір көптің сұранысына ие.

«Кәсібімнің өрге жүзуіне «Даму» қорынан алған 3 млн теңгелік алғашқы грант жол ашты. Қазір маған іргедегі Ресейден тапсырыстар түсіп жатады. Балабақшалар мен қайырымдылық қорлары, алпауыт компаниялар да келісімшартқа отырып жатыр. Жуықта «Арселор Миттал» компаниясы хабарласып, әріптестік орнатуға ниет танытты. Мұншама тапсырысты өзім жалғыз атқара алмайтыным анық. Мемлекеттің қолдауымен заманауи тігін аппараттарын алғанбыз. Шағын цехымыз бар. Енді сонда жұмыс істейтін қыздарды іздеп жүрмін» - дейді қайсар ару.

Қазақстанның 100 жаңа есімі атанған Жанна Жабекова өңірде талпынған адамға бизнесті дөңгелетіп әкету барлық жағдай жасалғанын айтады.

Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған шағын бизнес өкілдері салтанатты шара барысында бір-бірімен жақын танысып,  серіктестік байланыс орнатуға мүмкіндік алды.

Соңғы жаңалықтар