Шығыс Қазақстанда үшем дүниеге келді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемендегі облыстық Ана мен бала орталығынан дүниеге үшем әкелген бақытты ана үш арысымен бірге үйге шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат altaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақарыс, Жанарыс және Бекарыс есімді ұлдар 11 қазан күні дүниеге келген. Оларды перзентханадан шығарып алуға туған-туыстары, жолдас-жоралары жиналды. Бақытты отбасы үйлеріне - Күршім ауданындағы Сарыөлеңге аттанды. Күршімдік Майра мен Әзімбектің бұл шақалақтардан бөлек алты және үш жастағы екі қызы бар.

Майраның айтуынша, өзінің және жолдасының туғандары арасында егіздер дүниеге келгенімен, үшемдер болған емес.

Үшемнің анасы педагог болса, әкесі өз кәсібімен айналысады.
null 

Нәрестелер өмірге кесар тілігімен келген, әрқайсысының салмағы екі келіден артады. Дендері сау. Облыстық ана мен бала орталығы директорының міндетін атқарушы Қарлығаш Мажиринованың айтуынша, енді сәбилер аудандық аурухана дәрігерлерінің қамқорлығында болады.

«Жыл сайын бізде тоғыз мыңдай нәресте өмір есігін ашады. Жыл басынан бері 81 егіз туды. Соңғы үш жыл қатарынан дүниеге үшемдер келді. Олардың барлығының денсаулығын біз қатаң бақылап отырамыз», - дейді Қарлығаш Мажиринова.

Көпбалалы отбасына ана мен бала орталығының дәрігерлері мен медициналық қызметкерлері сый-сияпаттарын жасап, шығарып салды.

 

Соңғы жаңалықтар