Шығыс Қазақстанда гепатит дертіне байланысты жаңа дерек шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына қарасты Шолпан ауылына барған комиссия гепатит «А» дертіне шалдыққандардың саны 30-дан асқанын нақтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«19 адам туралы ақпарат ешқайда жіберілмеген, сондықтан статистикаға кірмей қалып, орталықтан 12 адам деп шыққан. Бүгін құжаттарды қарасақ, 19 адам осы жерде «А» гепатитіне шалдығыпты. Әзірге біз тексерген құжат бойынша 30 болып тұр. Облыстан сұраған кезде негізгі статистикадан қарап отырады ғой. Олар да білмейді әр ауылда қанша болып жатқанын. Бірақ ақпарат бермегені ол әрине, дұрыс емес болды», - дейді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова.

Алайда жергілікті тұрғындар сары ауруға шалдыққандардың саны 50-ге жуықтағанына сенімді. Тіпті дәрігердің мөрі басылып, ауырған балалардың тізімі көрсетілген  құжатты да комиссияға көрсетті. Ал медицина қызметкерлерінің салғырттығынан баламның дерті асқынып, сары аурудан көз жұмды деген Индира Жәнібекова дәрігерлерді сотқа берді. Алайда 11 жастағы қызынан айырылған ана іс бұрмаланып кетеді ме деп үрейлі.

Сондай-ақ, шолпандықтар ауырған балаларының амбулаториялық карталары жаппай түзетіліп жатыр деп дабыл қағуда. Енді науқастардың  нақты санын жасыру, амбулаториялық карталарды өзгерту және  бала өліміне қатысты қылмыстық іс те республикалық комиссиямен тексеріліп, қорытындысы құқық қорғау органына беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Шолпан ауылында 49 баланың гепатит «А» дертіне шалдыққаны жоққа шығарылып, тек  12 баланың ауырғандығы жөнінде ақпарат жарияланған болатын. Сондай-ақ  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин Астанада өткен брифингте  12 баланың гепатитке шалдығуының себебін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар