Швейцариялық фотограф 500 теңгеліктегі шағала бейнесінің авторлығына таласуда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Швейцариялық фотограф Марсель Буркхард Қазақстанның 500 теңгелік жаңа банкнотындағы шағала бейнесінің авторлығына таласып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Суретші Ұлттық банк өтемақы төлесе бас тартпайтындығын жеткізді.

«Мен үшін суретімнің банкнотаға басылғаны үлкен мәртебе. Фотошопта суретімді банкнотаның үстіне беттестіріп көрдім. Күмәнім қалмады. Бұл суретті мен Швейцарияда Тун көлінде түсіргем. Кейін сурет 2005 жылы Уикипедияға шықты. Жұма күні бұл сурет Қазақстанда жаңа банкнотаның үстіне басылатынын естідім. Кейін репортаждарды оқыдым, графикалық дизайнер интернеттен сурет алып, өзінікі ретінде пайдалануы дұрыс емес деп санаймын», - деді Марсель Буркхард.

Шетелдік суретші шу көтеріп, дауласудан аулақ екендігін бірақ бұл істі жылы жауып қоюға болмайтындығын айтты.

«Мен адамдарға зиян келтіргім келмейді. Бірақ, егер графикалық дизайнер менің жұмысым үшін қаламақы алған болса, мені де Ұлттық банк автор ретінде мойындауы тиіс. Сондай-ақ, өтемақы алғаным орынды болады», - деді Марсель Буркхард.

Айта кету керек, жақында ҚР Ұлттық банкі номиналы 500 теңге болатын жаңа банкноттың тұсауын кескен болатын.

Ақшаның бір бетінде Қазақ елі монументі мен көгершіндер, ал екінші бетінде Каспий теңізі, шағаланың суреті  бейнеленген.

Желі қолданушыларының бірі ақшадағы суреттің Уикипедия ресурсындағы суретке ұқсайтындығын жазған.

Кейінірек швейцариялық фотограф Марсель Буркхард бұл купюрадағы шағаланың авторы өзі екендігін жариялады.

ҚР Ұлттық банкі шетелдік өнерпаздың сұрағына жауап берді.

Олардың айтуынша, шағаланың бейнесі табиғи компонент ретінде пайдаланылған.

ҚР Ұлттық банкі 500 теңгелік банкнотадағы шағаланың түр сипаты, қанаттылардың осы түріне жататын барлық құстарға тән сипат болғандықтан, мұндай суреттер өте көп екендігін алға тартты.

Соңғы жаңалықтар