Шрек бар да, Қобыланды жоқ - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолуды ұсынады.

*   *   *

Қарттар үйі қайдан келген? - «Орталық Қазақстан» газеті
null 

«Қарттар үйіне келсем жаным жабырқайды. Өйткені, мұндағы ата-әжелер де кезінде бала-шағасын өсіріп, жеткізген аяулы ата-аналар. Кейбірінен бала-шағасы бас тартса, бірі бауыр еті - баласының көрсеткен қорлығынан қашып келген. Бұл жерде асқар тау әкенің үміті, қаншама ананың арманы жатыр...» деп жазады «Орталық Қазақстан» газеті.

Шындығында қарттар үйіндегі қария-тағдырлар туралы талай айтылды, талай жазылды. Бірақ мұндағы ақсақалдардың саны көбеймесе азайған емес. «Бұрын ауылда қариялар болмаса, ағайын арасы араздасып кете беретін. Сол аталар жер аударылып, ашаршылыққа ұрынып, соғысты көрді. Кер заманның қиыншылығында Алла берген он бала бір әкеге жүк болмады. Қазір асырап жеткізген сол он баланың жалғыз әкесін жүк көретіні бар» деп жазады мақала авторы. Бұл ретте мақалада қарттар үйін ашу үрдісі әуел баста батыстан бастау алғаны, өткен ғасырдың 50-60-жылдары еңбекке жарамсыз, жақындарының қамқорлығынсыз қалған жандарға арналып үйлер салынғаны айтылады. Жыл өте келе бұл үйлерге бала-шағасына керексіз болып қалған қариялар алына бастапты. Қазіргі таңда елімізде қарттар мен мүгедектерге арналған 87 интернат үйлері бар екен.

«Қарттық кімге болсын аяңдап бір жетерін білген қазақ, «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» депті. Ал, хақ дініміз исламда «Әкеге бағыну - Аллаға бағыну. Оның алдында күнәһар болу - Алла алдында күнәһар болу», - дейді. Құдай сақтасын!» деп жазады газет.

Бізге қандай кино керек? - «Оңтүстік Қазақстан» газетіъ
null

Шындығында, қазақтың кенже қалған кино индустриясы мәселесі сыннан көз ашпай келеді. Әлбетте, шетелден, халықаралық конкурстардан марапат арқалап, халықтың көңілінен шығып жатқандары да жоқ емес. Алайда ондайлар саусақпен санарлық. Төл туындының басым бөлігі сыннан көз ашқан емес. Соның бірі соңғы кездері қоғамдағы талқыланып жатқан негізгі тақырыпқа айналғаны бар.  «Оңтүстік Қазақстан» газеті де бұл мәселеге назар бұрыпты. Мақала авторы тақырыпқа шығарылған мәселеге орай: «Бұл сұрақ қазақ тұрмысында өзінің өміршеңдігін ешқашан, тіпті, «Қараш-Қараш», «Атаманның ақыры», «Қыз-Жібек», «Транссібір экспресі» түсіріліп, «Қазақфильм» дәуірлеген кешегі жылдары да жойған емес. «Қырғызфильмге» Ш.Айтматов жетекшілік еткен 21 жылда суырылып алға шыққан қырғыз туыстарымызға, өзіміздей тең атаның ұлдарына бұл салада әлі жете алмай келеміз. Соңғы 26 жылда да «Құрманжан датқа» шендес фильм түсіре алмадық. Әйтсе де, бұл сұрақ «Қозы-Көрпеш - Баян сұлу» телесериалынан соң ерекше өткір қойылды» деп жазады. Мақала авторының пікірінше, «Кино - тарих, кино - шындық, кино - идеология, кино - тәрбие, кино - ағартушы, т.т. Ең бастысы - осының бәрінің басын жиып көрсете алатын, көрсетуге тиіс - ӨНЕР!».

«Көрсете алмаса - өнер емес, мал табушылық. Өнердің құнын түсіру арқылы мал табушылық. ӨНЕР жалғыз мақсатқа, әсіресе, бүгінгі таңда ұлттың рухын көтеруге, қазақтың басын біріктіруге, білімін, намысын көтеруге жұмыс істеуі тиіс. Көрерменге керегі де шындық» деп түйіндейді автор.

Қажымұқанның Мінәйімге тарту еткен сыйы - «Шымкент келбеті» газеті
null 

«Шымкент келбеті» газетінің жазуынша, Темірландағы Қажымұқан музейінің ең құнды, бірегей жәдігерлерінің бірі - Қажымұқан жұбайы Мінәйімге сыйлыққа әкеліп берген күмістен жасалған  лағыл тасты  әшекейлермен көмкерілген белдік. Бұл белдікті Қажымұқан палуан 1945 жылы Семейдегі Абайдың 100 жылдық мерейтойына барғанда Қоянды жәрмеңкесінен жұбайы Мінәйімға базарлық ретінде арнайы сатып әкелген  екен. «Белдіктің негізі бір-біріне жапсарластырылған бірден жетіге дейін нөмерленген әшекейлі бөліктері бар. Сондай-ақ көрнектілігі таза күмістен бедерленген беттеріне қызыл көзді тастан әшекейлер жапсырылған».  

Балаңызды қалай еркелетесіз? - «Жетісу» газеті

null 

«Жетісу» газетіндегі мақалада бала тәрбиесіне назар аударыла келе, сәбимен тілдескендегі «жаргон» сөздер мен төркіні белгісіз тіркестерді жиі пайдаланатын ата-аналарға құлаққағыс жасапты. Мақала авторы қазақтың бала тәрбиесі, соның ішінде баланы еркелетуге байланысты бірқатар мысалдар келтіреді. Есімге қатысты ырымдар мен нақты оқиғаларды әңгімелейді. Сосын барып бүгінгі күнге соққанда: «Бізді толғандыратыны бүгінгі ата-аналардың есім таңдаудағы есерлігі» деп толғанады. 

«Қазіргі әке-шешенің шешіміне шырмалған бала қылығынан баз кешесің. Сымбатты - Симоня, Мақпалды - Мапонай, Күнайды - Какося, Еңлікті - Екон, Алпамысты - Апош, Болатты - Бапон, Кененді - Куня деп атау рухани құлдыраудың алғышарты емес пе? Симоня, Мапонай деген жаргон сөздер қандай ұғымға ие. Бапон мен Апош ше?  Әлде солай атаса баласы бәйге бермейтіндей көріне ме? Болатты борға, алтынды жезге айналдырып, болашақ бет алған рухани кеңістікке бөгет орнатқандай болмаймыз ба? Түсініксіз һәм миға қонымсыз. Әсірелеп не қысқартып айтамға салып, адамға тән болмысын қысқартып алғандай. Еркелетудің де өз ебі бар. Оған қисынсыз лепестерді қыстырудың қажеті шамалы. Маймылға айтса болады мапося деп, себебі жануарлар да адам көңілінің өлшеміне қарай оның ығына жығылады» деп жазады автор.

Сосын мақала авторы баланы еркелетуге қатысты мәселені де көлденең тартады. Жазуынша, еркелетуде де әдет-ғұрыптан аттауға болмайды, оның да халық аарсындағы өз ережесі жазылған. Ер баланың басынан сипамай арқасынан қағу керектігін, қыздардың ғана басынан сипау қажеттігін еске салады. Арқадан қағу мен бастан сипаудың талғамды астары, тәрбиелік мәніне назар аудартады.

«Қой қозысын «қоңырым» деп тұрғанда балаға «Куня, Апоня» дегеніміз күлкілі һәм ұят. Бабадан қалған зерлі сөздерді бұрмалап, буынын өзгерткеннен ұтарымыз жоқ. Еркелетудегі ең әдемі сөз - ананың «айналайыны». Ол ақылдың ақуызы, тәрбиенің тамыры. Осы сөзден қуат алып, айға ұшқан алыптарымыз қаншама?! Баламызды жөнімен еркелетіп, болашаққа дұрыс бағыт-бағдар сілтей білейік дегіміз келеді» деп түйіндейді автор.


Ойыншықты да ойланып алыңыз: Шрек бар да, Қобыланды жоқ - «Дидар» газеті

null

Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде «Ойыншықты да ойланып алыңыз» атты мақала жарық көрді. Онда негізінен ойыншықтан келетін қауіп жайында жазылып, оқырманды ойландыратын мәселені алға тартады. Келтірілген дерек бойынша, Қазақстанға келіп жатқан ойыншықтардың 36,6 пайызы балалар үшін зиян екен. Былтыр елімізге әкелінген ойыншықтардың 36 пайызға жуығы техникалық регламент талаптарына сай келмесе, оның ішінде бес пайызға жуығы зиянды заттардан жасалған. Мақалада бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшиннің Қытай өнеркәсібінен шыққан «Карапуз» көпфункциялы қуыршағы мен «ЛАВА» ойыншығы, Ресейдің «АЭЛИТА» пластмасса өңдеу зауыты шығарған «Весенняя прогулка» жинағы, «Огонек» зауыты шығарған «Лягушка с лягушатами» пластмасса ойыншығы мен Беларусь елінен жеткізілетін «Циферка» ойыншығын сатып алмауға кеңес бергенін келтіреді. Олардың құрамында рұқсат етілген көлемнен тыс формальдегид, фенол және стирол концентрациялары бар қауіпті токсикологиялық көрсеткіштер анықталған екен. Бұл мәселенің бір жағы. Екіншісі, қазақ балалары ойнайтын қазақ ойыншықтарының жоқтығы. Газет тілшісі базардағы самсаған сан мың ойыншықтың арасынан қазаққа жақын кейіпкерді таба алмай дал болады. 

«Бәрінен де өкініштісі, анда да, мұнда да Шрек, Тобот, Өрмекші адам, Эльза, Монстр Хайлардың арасында не Қобыланды, не Алдар көсе, не Баян сұлу жоқ. Ойыншықтардың зияны туралы айтқанда, оның құрамы туралы ғана сөз қозғалады. Сынама жасалғанда да техникалық жақтары зерттеледі. Ал еліміздегі көптеген ойыншықтардың баланың денсаулығына ғана емес, сана-сезімі мен жүйке жүйесіне де зиян келтіріп жатқандығы туралы жоғарыдағылар ойланып көрсе екен. Ұлттық ойыншықтар өндірісіне көңіл бөлініп, ұлттық болмысқа тұнып тұрған қазақы ойыншықтарды дамыту, жетілдіру арқылы бүлдіршіндердің бойына қазақылық болмыстың дәнін егер едік» деп жазады мақала авторы. Бұл ретте тілші балалар ойыншығына ермек деп емес, тәрбие құралы деп қарау керектігін айтады.  



Жат ағымның жігіттері жастарды ұрып, бопсалаған - «Атырау» газеті


«Атырау» газетінің жазуынша, жақында қалалық Ішкі істер басқармасына бір жігіт келіп, өзін ұрып кеткені жөнінде арызданған. Арызында көрсеткендей, оны белгісіз біреулер көлікке отырғызып бейіт басына апарып, ұрып-соққан. Тіпті, күш көрсету барысында арматураны қолданған. Содан 2 сағат бойы жұдырықтың астына алып, 600 мың теңге тауып беруді талап еткен. Осы арыз бойынша атыраулық полицейлер жедел іске кіріскен. 


«Нәтижесінде, күдіктілердің жеке басы анықталды. Олар - 1987 және 1990 жылы туған Атырау қаласының тұрғындары болып шықты. Бұрын екеуі де сотталған екен. Сондай-ақ, олардың жат діни ағымды ұстанушылар екені нақтыланды. Өкінішке қарай, бұл сәтте күдіктілер Атырау қаласынан із суытып, қашып үлгерген. Яғни, теміржол вокзалынан билет алып, Оңтүстік Қазақстан облысына кетіп қалған екен. Алайда, күдіктілердің ойлағаны жүзеге аспады. Олар көп ұзамай 11 қаңтар күні, Түркістан қаласында құрықталды» деп жазады «Атырау» газеті.

Екпеден қашып жүрсіз бе? - «Сыр бойы» газеті
null

Соңғы кездері балаларда болатын түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін егілетін екпелерге ата-аналар тарапынан қарсылық болып жататыны бар. Бұл денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің алаңдаушылығын тудырады. Себебі, екпе егілмеген баланың болашақта дені сау болып өсуі екіталай. Қызылорда облысының «Сыр бойы» газетіндегі мақалада осы мәселеге назар аударылады. 


«Жалпы, балаларға екпе жасау адамзаттың үздік жетістіктерінің бірі. Екпе арқылы Жер шарында миллиондаған бала өлімнен, мүгедектіктен аман қалды. Бір кездері талай өмірді қыршынынан қиған шешек (оспа) ауруы туралы білмейтін адам кемде-кем шығар. 1977 жылғы қазаннан бастап дүниежүзінде шешекпен ауырған бірде-бір науқас тіркелмеген. Осыған байланысты кеңестік кезеңде, 1979 жылы шешек ауруына қарсы балаларды егу тоқталған» деп жазады автор. 

Келтірілген мәліметтерге қарағанда, республика бойынша екпеден бас тартқандар саны 3000-нан асады екен. Ал Қызылорда облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің дерегі бойынша аймақта жұқпалы ауруларға қарсы жоспарлы алдын ала егулерден бас тартқандар саны биылғы жыл басына дейін 52-ні құраған. Бас тарту себептерінің басым көпшілігін вакциналарға сенімсіздікпен және діни бағыттағы көзқараспен байланыстырылады.

Қыздар футболы қызықтыра ма? - «Ақтөбе» газеті

null 

Бір кездері «Қазақстанның футбол астанасы» саналған Ақтөбеде спорттың осы түріне қызығушылық ерекше екені анық. Жанкүйерлер жағынан да ақтөбеліктер алда тұрғанын айта аламыз. Айта кетерлігі, Ақтөбе облысында қыздар футболы да жақсы дамып келе жатқанға ұқсайды. Облыстық газеттегі мақала да соған арналып отыр. Мақалада жазылғанындай, Ақтөбеде 8 жыл бойы қыздар футболы бөлімшесі жұмыс істейді екен. 
Газет тілшісі арнайы барып сұхбаттасқан жаттықтырушы да қыздар футболының келешегіне сенетінін жеткізіпті. «Негізінен, қыздар футболына қатысты біздің қоғамда түрлі пікір қалыптасқан. Футбол - халықтық ойын. Оны тек ерлер ойнау керек деген қатып қалған қағида жоқ. Мен жаттықтырушы ретінде бір нәрсені айта аламын. Байқап қарасаң, ерлерге қарағанда қыздардың психологиясы мықты болып келеді. Олар тез ойланады. Әрі шаршы алаңда ерекше әдемі көрінеді, - деген екен жаттықтырушы Данияр Қайырбаев. 

Мақалада футболдың жалпы тарихынан да қызықты жайттар қамтылыпты. Мәселен, «1313 жылы белгілі феодал Эдуард II қала ішінде футбол ойнауға шектеу қойған. Тіпті 1314 жылдың 13 ақпанында король Лондон қаласында футболға қарсы шаралар қолданған деседі. 1389 жылы Ричард II патша сарайы маңында доп тепкендерді өлім жазасына кескен. Патшаға бірнеше мәрте рұқсат сұрап барған футбол жанкүйерлері әрқашан жағымсыз жауап алып отырған. Футболға тыйым салған патшалар тізімі төмендегідей: Генрих IV 1399-1401, Генрих, V 1413 - 1433 ж. Генрих VI 1449-1451 ж. Эдуард IV 1471 ж. Генрих VII 1491 ж. ал Генрих VIII ойыншыларға шектеу қойып қана қоймай, алаң иелеріне тыйым салып, салық салған. Бұндай қатаң қағидаларға мойымаған халық футбол ойнаудан бас тартқан жоқ». 

 

 


Соңғы жаңалықтар