Шпекбаев жемқорлықты жоюға немқұрайлы қараған министрліктерді атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін себептерді жою бойынша жоспар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы қоғамдық мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындыларына арналған жиналыста мәлімдеді.

«Әкімшілік кедергілер, заңнамалық актілер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету мәселелерінің барлығын шешуге болады. Бұл ең алдымен, аталған құрылымдарды басқаратын жетекшілердің мүдделілігіне байланысты. Өкінішке орай, Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрлігіне жіберген ұсынымдарымыздың орындалу барысына алдын ала талдау жүргізгенде, аталған мемлекеттік органдардың немқұрайлы қарағанын көрдік. Бұған жол беруге болмайды, себебі жемқорлық себептерін жоюға кедергі жасайтын кез келген әрекет жемқорлыққа итермелеу болып бағаланады», - деді Алик Шпекбаев.

Агенттік төрағасының орынбасары енгізілген ұсынымдардың толық орындауын қамтамасыз етіп, бақылау қажеттілігіне тоқталды.

«Жемқорлық қауіптерін талдау бойынша жол картасын біз көрсеткен ұсынымдардағы себептерді жою бойынша нақты жоспар алмастыруы керек. Ол үшін Жемқорлыққа қарсы саясат департаментіне сәйкес құжатты әзірлеп, бекітуге жіберуін тапсырамын», - деді төраға орынбасары.

Сонымен бірге, Алик Шпекбаев сараптама нәтижесін таныстырды. Онда Әділет министрлігіне түсетін әрбір екінші арыздың сот актілерінің орындалуына байланысты екені көрсетілген. Яғни,  7378 арыздың 3798-і немесе 51,4%-ы Сот актілерін орындау бойынша департаменттің қызметіне түскен.

Ресми деректерге сәйкес, сот актілерінің нақты орындалуы 43пайызды ғана құрайды, 298 мүлікке қатысты істердің 128-і орындалған. Қайтарылған шығын сомасы - 38%, яғни 2,8 млрд теңгенің 1 млрд-ы қайтарылған. 

Соңғы жаңалықтар