Шортандыдағы ағайындылар қамбар ата түлігінен қарымды пайда көріп отыр

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Шортанды ауданы Шортанды кентіндегі ағайынды Егор мен Николай Воложаниндер адалдық пен еңбекқорлықтың алмас асуы жоқ екенін табандылықтарымен дәлелдеп отыр.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан кейін әкелері мемлекетке тиесілі шағын шаруашылығын өткізіп беріп, өзі жеке жылқы малын өсіруге ерекше ден қойған. «Кәсібіміздің дөңгеленіп кетуіне Аграрлық несие корпорациясынан алған 54 миллион теңгелік несие одан ары серпін берді» дейді ағайындылар. Десе дегендей, бір жыл бұрын 100 бас жылқымен шаруашылықты өрістетуді ойлап отырған Воложаниндердің айдауында қазір 300 бас жылқысы бар. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі шаруа иелерімен кездесіп, жылқы шаруашылығы турасында сұхбаттасып қайтты.
null 
null 

Әкелерінің жылқы малына деген ерекше қызығушылығы болмағанда бәлкім Егор мен Николай кәсіптің басқа түрімен айналысып кетер ме еді?.. Ұлты сыған болса да «жанының жартысы қазақ болып кеткен» Николай (Ағайынды Воложаниндердің әкесінің де аты осындай ұлымен аттас) жас кезінен бері қазақ жігіттерімен көкпар тартып, бәйгеге жүйрік қосады екен. Кеңес одағы құлаған тұстан бері тек жылқы өсіруді шешкен Николай ұлдарының несібесін өзі бейім шаруашылықтан алыстатпапты. Бір күні теледидар көріп отырған үйдің отағасы Елбасының мәлімдемесіне құлақ түріп отырып, «асыл тұқымды малға несие беру жұмысына маңыз беріледі» деген сөзді есінде сақтап қалады. Ары-бері ойлана келе 75 жастағы қарт ұлдарына несие алып, шаруаны өрістету туралы ақыл-кеңесін берген. Әкенің ақылынан аттамаған ұлдары қателеспепті. Бұл күнде Астанананың «Еуразия» немесе «Әлем» сынды үлкен сауда орталықтары жылқы етін іздесе Воложаниндерді іздеп табады екен.
null 
null 

«Сенсеңіз де, сенбесеңіз де біздің шаруашылықта сырттан тек үш адам ғана жұмыс істейді. Отбасымыз үлкен. Сондықтан, бәріміз де бұл іске бір кісідей кірісеміз. Немерелерім мен келіндерімнің бәрі қолғабыс етеді. Өмір бойы жылқы шаруашылығының тізгінін ұстап келемін. Бордақылау алаңымыз бар. Жылқы шаруашылығы - біздің нанымыз, жұмысымыз. Қымыз өндіру, асыл тұқымды жылқыларды көбейту, шұжық өндіретін цех ашуды көздеп отырмыз. Бірақ, бәрі бір уақытта жүзеге аспайды, әрине. Міне, көктемде ғана несие алдық. Базаны өз күшімізбен салдық та, мемлекеттен алған ақшаны тек жылқы сатып алуға жұмсадық. Несиенің ақшасына 400-ден астам жылқы сатып алдық. Қазір мұнда 200 бас жылқы тұр. Қыста да, жазда да сыртқа шығармаймыз. Тек бордақылаймыз», - дейді Воложаниндердің үлкені.

Еңбекқор екі ұлдың үлкені Егор Воложанин жылқы шаруашылығын таңдау арқылы қателеспегенімізді әу баста білдік дейді. Оның айтуынша, жылқы малы Воложаниндердің ата кәсібі. Әлбетте, әзірге ауқымды түрде шаруа өрістеп кетпесе де, ағайындылар жылқының басын 500-ге дейін көбейтуді негізгі жоспары ретінде көздеп отыр.
null 

«Бизнес жоспарымыз үш жылға арналған. Ең бастысы, қорықпаймыз. Жеке адамдардан жылқы сатып аламыз да, жем сатып алып, жемдеп, бордақылап, етін қалаға жөнелтеміз. Несие алмай тұрып 100 бас жылқымыз бар еді. Жұмысымыз жыл бойы тоқтамайды. Несие алғанда ә дегенде 2-5 жастағы жылқыларды алдық. Өйткені, бізге ең тиімдісі осы. Қазақстанда жылқы етіне деген сұраныс жоғары. Жоспар құрарда ең алдымен осыны білдік. Өйткені, соғым кезінде ғана емес, жылқы етіне жыл бойы сұраныс төмендемейді. Жылқыларымыздың бағасы 350-450 мың теңгенің мөлшерінде. Халықтан біз орта есеппен жылқы малын 200-250 мың теңгеге сатып аламыз. Жылқыны жемдеуге 30 мың теңгедей кетеді. Таза пайда 50-60 теңгенің маңайында. Келешекте қымыз өндіруді де жолға қою жоспарымызда бар», - дейді Егор.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан несие алудың бір тиімдісі - қарызды өтеуге белгілі бір мөлшерде уақыт жағынан жеңілдік беріледі. 15 проценттік несиені өтеу ағайындылар үшін айтарлықтай қиынға түспейтін секілді. Бұған жылқы етін шетелге экспорттаудың Воложаниндер үшін қажеттілігі жоқ. Шортандыға жақын Астананың базарлары пайда табуға жетіп артылады.

Жалпы республика бойынша аталған корпорациядан шаруалар 3 миллиард 777,5 млн теңгенің 11681 бас жылқысын сатып алған. Ал жалғыз Ақмола облысы бойынша несие алған шаруалар 350 млн теңгенің 1 мыңнан астам жылқысын алған.

«Аталған бағдарлама ауыл шаруашылығының барлық саласын қамтиды. Воложаниндер 15 проценттік қайтарымымен 54 миллион теңге несие алды. Олар сонымен қатар, субсидия да ала алады. Несие бізде 10 жылға дейін беріледі. Бірақ, жұмысы жүріп кеткен Воложаниндерге мұның қажеті жоқ. Сондықтан, қарыз алушы өз ретіне қарай несие алады», - дейді корпорацияның Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Кәрім Аброев.
null 

Жалпы Қазақстанда бүгінгі таңда 2 млн 560 мың бас жылқы бар екен. Қазіргі уақытта көршілес Қытай елімен ет өнімдерін экспорттау жөнінде ветеринариялық келісімдер қаралып жатыр. Тек жылқы ғана емес, төрт түліктің барлық түрін өрістету үшін мемлекеттік несие алуға жол ашылып отыр. Қытайдай алып нарығы бар елмен келісім ретке, келсе мал шаруашылығының тізгінін ұстаған Воложаниндердей отбасылар бұдан да таудай табысқа кенелері анық.
null 

Соңғы жаңалықтар