Шорт-тректен бас бапкер Қарсыбеков: Мақсатымыз - Олимпиадада медаль алу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарының басталуына 37 күн қалды.

Ақ Олимпиаданы спортшыларымыз да тағатсыздана күтіп жүргені баршамызға белгілі. Осыған орай шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбековке арнайы хабарласып, ол жаттықтыратын шәкірттерінің дайындығы туралы толығырақ ақпарат алудың сәті түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Мәдіғали  Әбдіғалиұлы, қысқы Олимпиаданың басталуына санаулы күндер ғана қалды. Қазір қайда дайындалып жатсыздар?

- Шорт-тректен ерлер құрамасы мамыр айынан бастап, Голландияның Херенвен қаласында жергілікті спортшылармен бірге жаттығуда. Ал әйелдер құрамасы Олимпиада өтетін Оңтүстік Кореяда дайындалып жатыр. Жігіттердің дайындығын өзім бақылауыма алдым. Ал қыздарды кореялық маман Юн Сеунг Наммен бірге қазақстандық бапкер Аслан Даумов жаттықтыруда. Осыдан бірер күн бұрын олардың дайындығын да арнайы барып көзбен көріп шықтым.

- Жалпы дайындықтарыңыз қалай?

- Дайындығымыз жаман емес. Қолдан келген бар мүмкіндіктерді жасап жатырмыз. Мақсатымыз - Олимпиадада медаль алу. Сочи Олимпиадасында шәкірттерім мың метрлік эстафеталық бәсекеде бесінші орынға табан тіреген болатын. Бұл жолы одан екі-үш есе жоғары көрсеткішке қол жеткізуге бар күшімізді саламыз.

- Өз жоспарларыңыз бойынша қанша медальді көздеп отырсыздар?

- Бұл - жай жарыс емес. Сондықтан, «арық айтып, семіз шығуға» тырысамыз.

- Қазір коньки спорты бойынша жолдамалар саны нақты белгілі болды. Ал сіздер Олимпиадада ел намысын кімдер қорғайтынын шешіп қойған боларсыздар?

- Әрине, Пхенчхан қаласында кімдер сынға түсетінін осыған дейін анықтап алдық. Сол спортшылармен жұмыс істеп жатырмыз. Тұңғыш рет Олимпиадаға 10 жолдама алып отырмыз. Бұл - өте жақсы көрсеткіш.

- Шәкірттеріңіз арасында кімдерге басты үміт артып отырсыз?

- Бұл - спорт! Кейде мүлде сіз және мен ойламаған жағдайлар орын алуы мүмкін. Сондықтан, ешкімді алалап, бөле жармаймын. Бәрінің бағы біледі. Бірақ, осыған дейінгі додаларда өздеріңіз көріп жүргендей 500 метр қашықтықта Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша және Нұрберген Жұмағазиевтер жақсы қырынан танылып жүр. Сондай-ақ, Жұмағазиев 1000 және 1500 метрде де жарыс жолына шығады. Ал қыздар арасында Анастасия Крестова 500, 1000 және 1500 метрлік қашықтықта  өзінің мықтылығын дәлелдеп келеді.

- Жұмағазиевтің аздап жарақат алып қалғанын естіп едік. Қазір толықтай сауықты ма?

- Қазір жақсы. Жарақатынан айығып, жаттығуға бел шеше кірісіп кетті.

- Осы орайда сұрай кетсек, жақында бір кореялық қыз осы Олимпиадада Қазақ елінің атынан сынға түседі деген әңгімелер айтылып еді...

- Иә, ол қазір біздің құрамада жаттығып жатыр. Есімі - Ким Йонг А. Ол Олимпиадада 1000 және 1500 метрден ел намысын қорғайтын болады.

- Осы төртжылдық додада біздің басты қарсыластарымыз қай ел болмақ?

- Ең басты қарсыластарымыз Олимпиада қожайыны кореялықтар болатыны анық. Ал одан кейінгі мықтыларды өздеріңіз білесіздер, олар - Голландия, Канада, Қытай және АҚШ спортшылары. Осы аталған елдердің спортшыларымен тереземіз теңесіп, ел қоржынына медаль салсақ деген арманымыз бар. Алла сәтін салса, ол күндер де алыс емес. Сондықтан, бізге күдікпен емес, үмітпен қараңыздар... 

- Әңгімеңізге рахмет!

Фото prosports.kz

Соңғы жаңалықтар