ШҚО зейнеткерлері интернетті игермек

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан зейнеткерлерінің интернетке зейіні ауа бастады. Аға буынның бұл талабын облыс әкімі Даниал Ахметов те құптап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл мәселе Даниал Ахметовтың қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесуінде көтерілген болатын. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев сонда айтылған тапсырмалар бойынша бағдарлама әзірлеп жатқандарын айтады.

«Компьютерлік сауаттылық әсіресе жалғызілікті қарттарға көп қолғабыс тигізбек. Бізге түсетін хаттардың арасында осы мағынада жазылған өтініштер көп. Қалада тұратын қариялар ай сайын жеті бірдей коммуналдық төлем жасайды. Оның әрқайсынан комиссия ретіде 120-150 теңге ұсталады. Ауа райының қолайсыздығы да егде тартқан адамдарға қосымша қиындық туғызып жатады. Осыны ескере келе, қарияларымыздың өтінішін облыс әкіміне жеткізгенбіз. Аймақ басшысы ұсынысымызды қолдауға әзір екенін айтты» - дейді Айтқазы Шерубаев.

Облыста шамамен 240 мың зейнеткер бар. Солардың тек 2-3 пайызы компьютерді меңгерген.  Облыстық ардагерлер кеңесі бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін көтеруді көздеп отыр.

Әзірге бұл мақсатқа қанша қаржы бөлінетіні белгісіз. Әуелі ардагерлер кеңесі компьютер меңгеруге ниетті ардагерлердің санын есептеп, тиісті басқармалармен бірге арнайы оқыту бағдарламасын құруы тиіс. Жаңа курс жергілікті кітапханалардың базасында ұйымдастырылмақ. Онда зейнеткерлер компьютер қолдануды үйреніп қана қоймай, гаджеттен интернетке кіру, дәрі-дәрмектің бағасын біліп, тапсырыс беру, «электронды әмиян» арқылы төлемдер аудару сияқты  операцияларды меңгереді. Осы жоба аясында кітапханаларға қосымша ноутбуктер де берілуі мүмкін.

«Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен кеңесе отырып, жобаға жасы 70-ке дейінгі зейнеткерлерді тартуды ұйғардық. Екі аптаның ішінде нақты жоба дайындап, әкімнің алдына кіргіземіз. Содан кейін БАҚ арқылы халықты құлақтандырамыз. Кейін осы тәсілмен зейнеткерлерге латын әліпбиін де оқытсақ деген жоспар бар. Ол үшін әуелі әліпби нақты бекітілуі керек» - дейді кеңес төрағасы.

Даниал Ахметов  бұл жоба ауылдарды да қамту керектігін айтып отыр.

«Алдағы екі жылда облыстың барлық ауылдары интернетке қосылады. Осы кезде зейенткерлер оның игілігін өз беттерімен пайдалана алуы керек. Жоба өз тиімділігін дәлелдесе, оны қаржыландыруға дайынбыз» - дейді Д.Ахметов. 

Соңғы жаңалықтар