ШҚО: Үржарда 2,5 мың түп көшет отырғызылды

None
None
ҮРЖАР. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында өткен жалпыаудандық сенбілікте 2500 түп түрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Осылайша аудан аумағында үйеңкі, емен, қайың, шаған және тағы да басқа ағаштар тамыр жаятын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, аудан басшысы Серік Зайнулдин «Аудандағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық жөніндегі екі айлық өткізу» туралы өкімге қол қойған. Оған сәйкес жалпыаудандық экологиялық айлық аясындағы сенбілік 9 сәуірде басталды. 

«Бүгінгі күні аудан орталығы Үржар ауылында жаңадан ашылған «Балалар саябағына», орталықтағы «Батырлар аллеясына», спорт мектебінің маңайына және орталық стадион мен Абылайхан даңғылы бойына барлығы 2500 түп көшет (ішінде жеміс ағаштары да бар әртүрлі ағаш тұқымдары) және 50 түп шырша ағашы отырғызылды. Көшеттер Алматы облысының Сарқан қаласынан әкелінген. Аудан аумағын көгалдандыру елді мекеннің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Жасыл желек аудан орталығының келбетін көріктендіріп қана қоймайды, оның микроклиматын да оңалтады. Ауаны тазартып, ылғалдылықты арттырады, даңғазаны төмендетеді», - дейді Үржар ауылдық округінің әкімі Сайлауғазы Шарықпаев.

Айта кетейік, экологиялық айлық кезінде көгал аумағын жасылдандырып, аудандық саябақтар мен гүлзарларды, сондай-ақ барлық көшелерді ретке келтіріп, ағаштарды әктеу жоспарланған. 

null 

Соңғы жаңалықтар