ШҚО университеті дрондар құрастырмақшы

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Д.Серікбаев атындағы мемлекеттік техникалық университеті «Роботталған пилотсыз жүйелер» оқу бағдарламасын жүзеге асырмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш университет заманауи индустрия талаптарына сай жеті оқыту бағдарламасын қолға алып отыр.

«Роботталған пилотсыз жүйелер» бағдарламасы - соның біреуі ғана. Бағдарламаны үйлестіруші Тамара Сегеда  осы жоба аясында Венгрияның Обуда университетімен, Ресейдің Новосібір мемлекеттік техникалық университетімен байланыс орнатқандарын айтады.

«Бағдарлама пилотсыз техниканы өндіру және пайдалану, әзірлеу бойынша құзыреттерді алуға бағдарланған. Оқыту процесі жүйелік инжинирингтен бастап автоматты басқарудың алгоритмдерін жазуға дейінгі кезеңдерін қамтиды» - дейді ол.

Алталмыш бағдарлама бойынша білім алған түлектер өңірдегі геологиялық компанияларға жұмысқа орналасады деп күтілуде.

Бүгінде геологиялық барлау, топографиялау, аумақтың сандық моделін алу, мұнай-газ кеніштері мен құрылыс алаңдарына мониторинг жүргізу, техногенді және табиғи апат қатерлерін бақылау жұмыстарына дрондар кеңінен қолданылуда. Бағдарлама шәкірттері осы дрондарды әр салаға қарай бағдарламалау ісімен шұғылданатын болады.

Бұл салаға маманданатын магистрлер «Қазцинк» ЖШС мен Төтенше жағдайлар комитетінің тапсырысы бойынша оқытылатын болады.

Дәл осындай екіжақты келісімшарт аясында «Нақты жер өңдеу», «Медициналық техника», «Аддитивті технологиялар», «Жерді зерттеудің сандық әдістері», «Толықтырылған виртуалды шындық», «Өмірді қамтамасыз етудің зияткерлік жүйесін басқару» сияқты жаңа технолгияларға негізделген мамандықтар бойынша білім беру қолға алынбақ. Бұл жеті бағдарлама да Білім және ғылым министрлігінің мақұлдауында жатыр. Сонымен бірге университет қабырғасында оқытуға қажет материалдық-техникалық база дайындалуда.

Айта кетейік, аталмыш университет ғалымдары жергілікті зауыттармен бірлесіп тантал мен титаннан импланттар әзірлеу жобасын іске асыруда.

Фото: wsgz.ru

Соңғы жаңалықтар