ШҚО педагогі балалардың шығармашылық қабілетін дамыту бағдарламасын жасап шықты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда балалар өнер мектебінің театр өнері пәнінің оқытушысы 29 жастағы Валентин Алифанов «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды.

Валентин театр технологияларын қолдану арқылы балалардың шығармашылық қабілетін дамыту бағдарламасын жасап, оны сәтті қорғап шықты. Оның 6 жыл бұрын ашылған New Life театр ұжымында 6-19 жас аралығындағы балалар би, вокал, кескіндеме, спектакль өнерлерінің қыр-сырын үйреніп, зерттеумен де айналысады.

Алифанов ұжымының ел арасында ерекше танымал болған жаңа қойылымдарының бірі - «Бремен музыканттары» болды. Ұжымның спектакльдері тәрбиеленушілердің шығармашылық әлеуетін арттырады. Осы жылдар барысында Абай, Әуезов, Пушкин, Шукшин сынды көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына құрылған қойылымдарды көрерменге ұсынып келеді.

Театр ұжымының тәрбиеленушілері «Күншуақ», «Остров талантов», «Ақ көгершiн» секілді балалар шығармашылығына арналған халықаралық байқаулар мен фестивальдарға үзбей қатысады.

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген эксклюзивтік сұхбатында Валентин авторлық бағдарламасының негізіне қосымша білім берудің Сингапур жүйесін алғанын айтты. «Баланың шығармашылық қабілеттерін дамыту оның құбылмалы әлемнің талаптарына жылдам бейімделуіне септігін тигізеді», - дейді ол.

Жоғары оқу орнын бітірген кейінгі 6 жылдық еңбек барысында өзінің театр студиясын бітірген шәкірттерін мақтан етеді.

Жаңашыл жас ұстаз өзі туып-өскен кенттегі мектепті бітірген соң Алтай мемлекеттік мәдениет академиясының театрлық режиссура және актерлік шеберлік факультетіне оқуға түседі. 2012 жылы оқуды бітірген соң құрбы-құрдастарының ірі қалалардан бағыңды ізде дегеніне құлақ аспай, туған жерге оралады. «Ит тойған жеріне, жігіт туған жеріне жүгіреді деген ескінің сөзі бар емес пе. Елге оралған соң «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша пайызсыз несиемен пәтер алдым. Үйлендім, ұлым Святослав өсіп келеді. Жұбайым да шығармашылықтың адамы - модельер-визажист», - дейді Валентин Алифанов.

Соңғы жаңалықтар