ШҚО өңірінің аңыздары мен ертегілері бір кітапқа жинақталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Шығыс Қазақстанның аңыздары мен ертегілері» атты электрондық кітап шығарылды, деп хабарлайды altaynews. 

Аталмыш кітапта облыстағы 15 киелі орын жайлы аңыздар жинақталыпты: Ертіс өзені, Қиын Керіш шатқалы, Марқакөл көлі, Рахман қайнарлары, Мұзтау, Қоңыр Әулие, Қасиетті бұлақ, Ырғызбай ата кесенесі, Берел қорғандары, Шілікті қорымы, Еңлік-Кебек кесенесі, Қозы Көрпеш-Баян Сұлу мазары, Күшікбай, Аблайкит бекінісі, Ақбауыр. Аңыз-ертегі түрінде жазылған туынды балалар аудиториясына арналған екен.

Облыстың аңыздары мен ертегілері негізінде кітап шығару идеясы өткен жылы пайда болған.  Мұндағы негізгі мақсат - өңірдің қасиетті орындарын кеңінен насихаттау, жас ұрпақты өз өлкесінің тарихын білуге баулу арқылы көркем әдебиет оқуға қызығушылығын арттыру. Ал оның электронды нұсқада шығарылуы басылымды барынша қолжетімді етуге бағытталған екен.

Кітапта басты екі кейіпкер бар: Санжар есімді бала мен оның атасы. Екеуі Шығыс Қазақстанды аралап, саяхатқа шығады. Олардың жүріп өткен жолдары кітаптың бас беттеріндегі картада көрсетілген. Әр аңыз-ертегіге «Дарын» орталығының,  Өскемен қаласының балалар көркемөнер мектебінің және оқушылар шығармашылық сарайының сурет байқауларындағы жеңімпаздардың суреттері арқылы иллюстрация жасалған. Кітап мұқабасы Берел қорымында табылған артефактілердің негізінде жасалған ою-өрнектермен көркемделіп, ұзын ақ сақалды қария бейленеген. Ол өткен заманмен мен осы күнді байланыстырып, оқырмандарға сол аралықта жинақталған даналықты жеткізіп отырғандай. Сонымен қатар, мұнда облыс аумағын мекендейтін түрлі халықтардың мақал-мәтелдері де қолданылған.
 

«Біз әзірше ел аузындағы 15 киелі орынды ғана беріп отырмыз. Бірақ бұл жобаның тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта топтаманы толықтыруды жоспарлап отырмыз - деді Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев.

Аталмыш басылым туризм басқармасының toureast.kz ресми сайтында жарияланып, кез келген оқырманға қолжетімді болмақ. 

Соңғы жаңалықтар