ШҚО-ның Ұлан ауданында 23 жастағы жігіт суға кетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Шалқар көлінен құтқарушылар 23 жастағы жігіттің денесін алып шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі хабарлауынша, жас жігіт достарымен бірге су жағасында демалып жүрген. Суға сүңгіп кеткен ол біршама алыстап кетіп, желдің қаттылығынан жағаға жете алмай қалса керек.

«Жастар демалып жүрген судың жағасы жабдықталмаған, онда ескерту белгісі де, құтқару мұнарасы да жоқ болған. Бұған қоса желдің екпіні де қауіп туындатқан. Дәл осы күні біздің №6 бөлімше қайғылы оқиға орын алған жерге жетті. Іздеу жұмыстары шамамен бір сағатқа созылып, жағадан 50 метр қашықтықтан, 10 метр тереңдіктен жас жігіттің денесі табылды», - дейді ШҚО судан құтқару қызметінің құтқару бөлімшесінің бастығы Нұржан Байжақов.

Суға түсу маусымы басталғалы бері Шығыс Қазақстанда 40 адам суға кеткен. Қайғылы оқиғалардың 30-ы жоғарыда айтылғандай жабдықталмаған су айдынында тіркелген.

Соңғы жаңалықтар