ШҚО-ның 2017 жылғы ішкі аудит қорытындысы талқыланды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Облыс әкімдігінде өткен аппарат жиналысында ағымдағы жылдағы ішкі аудит қорытындысы талқыланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы сәйкестік аудитіне 52 нысанды бекіткен. Даниал Ахметов аудит жұмысының нәтижелілігін айта келе, аталған қызмет жүйесін жетілдіруге тапсырма беріп, штатты кеңейтуге келісті,

Ішкі аудит қызметінің басшысы Анна Грищенконың айтуынша, 11 ай ішінде 47 нысанға аудит жүргізіліп, бюджет қаражатының тиімсіз, мақсатсыз және негізсіз жұмсалғандығы анықталған.

Сонымен қатар, жыл бойы денсаулық сақтау, білім беру салаларында да сәйкестік аудиті жүргізіліп, 25 білім беру мекемесінде 1,1 млрд теңгеге, 13 денсаулық сақтау ұйымдарында 3,3 млрд теңгеге қаржылық құқықбұзушылық анықталған.

Қаржылық жетіспеушіліктер аудит қорытындысы бойынша «жүз пайыз» орнына келтіріліп, 15 материал уәкілетті органдарға берілді. Аудиторлар әшкерелеген құқықбұзушылықтар бақылауға алынып, алдағы уақытта олардың қайталанбау үшін тиісті шаралар қабылданды.

Сөз соңында Даниал Ахметов аудит қызметкерлеріне құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыс істеуді тапсырды.

«Қандай да бір құжаттар бойынша құқықбұзушылықтар барлық басшыларға белгілі болуы үшін тексеру жүйесін құру керек. Сондай-ақ, алдағы уақытта мұндай жетіспеушіліктер болмауы үшін нақты бағдарламалар жасалуы тиіс. Кей жағдайда ведомство басшылары білместіктен немесе басқа да жағдайларға байланысты құқықбұзушылыққа жол беріп алып жатады», - деді ШҚО әкімі.

Айта кетейік, шығыс қазақстандық ішкі аудит қызметі республикада барлық қызмет түрлері және қызметтің нәтижелілігі бойынша алғашқы орында.

Соңғы жаңалықтар