ШҚО мәслихатының депутаты газетке латын әліпбиінде мақала жазып көрді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты латын әліпбиіне көшу бастамасын қолдау мақсатында «Семей таңы» газетіне латын графикасының ұсынылып отырған нұсқасында мақала жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, ғасырлық тарихы бар бүгінгі «Семей таңы» газеті алғаш «Сарыарқа», «Қазақ тілі» болып жарық көрген тұста  төте жазумен, кейін атауы «Жаңа ауыл», «Қызыл дала», «Социалды Шығыс» болып өзгерген басылым латын графикасымен шығып тұрған. Сондықтан «Семей таңы» газетінде жарық көрген мақала «SEMEJ TANGY» GAZETI UEZHIN LATYN AELIPBI ZHAT EMES» («Семей таңы» газеті үшін латын әліпбиі жат емес») деп аталады.

«Латын әліпбиіне көшуден жүрексініп жүрген ағайынға айтарымыз, төмендегі мақаланы дайындауға менің бір сағаттай ғана уақытым кетті», - деп жазған депутат Риза Молдашева, мәтіннен қателіктер табылып жатса, кешіріммен қарауға өтінді.

Халық қалаулысының айтуынша, қазақ елінің латын әліпбиіне көшу мәселесі  көптен айтылып келе жатқан әңгіме. Ал Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Қарақалпақстан сияқты бірқатар түркітілдес елдер бірден көз жұмып өтіп кеткен.

«ХХ ғасырдың бірінші жартысында, ашаршылық жылдары халқымыз араб әліпбиінен латынға, соғыс жылдары латын әліпбиінен кириллицаға көшкенін білеміз. Ендеше, қабілетті қазақ халқының бүгінгі ұрпақтары бұл әліпбиді тез-ақ игеріп кететіндігіне күмәнім жоқ», - дейді ол.

«...ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшу жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», деп таяу жылдағы ең маңызды міндеттердің қатарында латын әліпбиіне көшу мәселесін атап өтті», - деп жазады автор мақаласында. 

Соңғы жаңалықтар