ШҚО: Қыста қатпайтын 3 көлшіктің суы шипалы екені анықталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Бесқарағай ауданында қыста қатпайтын көл бар. 3 шағын көлшіктен тұратын қайнар тері ауруына шипалы екені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғалымдары мен туризм мамандары өңірдегі 8 көл мен 2 бастаудың суын зерттеді. Зерттеу жұмыстары Алакөл, Марқакөл, Зайсан, Сібе, Дубығалы, Шыбындыкөл, Рахман қайнары, Қоңыр әулие және Әулиебұлақ сынды танымал көздерде жүрді. Облыстық туристік-ақпараттық орталықтың директоры Сымбат Рамазанов аталмыш зерттеулердің қорытындысы алдағы аптада белгілі болатынын айтады.

«Біздегі туристік нысанға айналып кеткен өзен-көлдердің шипалы екендігін дәлелдейтін ешқандай рецензиялық құжат жоқ. Бірақ бұл аталмыш орындарға ел білместікпен барып жүр деген сөз емес. Шетелдің туристік компанияларын қызықтыру үшін осы құжаттарды реттеудің маңызы зор. Судың құрамындағы иондық тұздардың, родонның мөлшерін анықтау қажет. Соған қарап сумен емделу шараларының уақытын белгілеуге болады» - дейді орталық директоры Сымбат Рамазанов.

Елімізде мұндай зерттеумен айналысатын арнайы мекеме жоқ екен. Сондықтан бастамашы топ Ресейдің курортология және физиотерапия бойынша ғылыми-зерттеу институтына жүгініпті. Осы зерттеулердің ең үлкен жемісі Шошқалы көл болып отыр. Бесқарағай ауданының орталығынан 85 шақырымда жатқан көлдің қыста неге қатпайтынын мамандар тұздың көптігімен түсіндіріп келген.  Ресейлік мамандар оның суын тері ауруларына бұлау ретінде пайдалану тиімді екенін анықтады.

«Шошқалының суындағы ионды тұздар жүйке жүйесі, қан айналымы, ас қорыту, несеп жүйесі аруларына да таптырмас дәру екені дәлелденді» - дейді Сымбат Рамазанов. 

Аталмыш бағыттағы жұмыстар жаз шыға жалғасып, тағы 4 көлдің суы мен балшығына баньелогиялық зерттеу жүргізілмек. Нысанада Арасан,  Монастырь, Жалаңашкөл және Жазаба көлдері тұр.

Соңғы жаңалықтар