ШҚО: Күршімдегі көпір құрылысына тағы бір инвестор қызығушылық танытты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасының үстінен салынатын 1,3 шақырымдық көпір құрылысын Еуразия даму банкі қаржыландыруы мүкін, деп хабарлайда ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Даниал Ахметов Еуразия даму банкнің өкілдерін қабылдап, өңірдегі екі ірі көпір құрылысын қаржыландыруға шақырды. Оның бірі - Өскемен қаласындағы Ертіс өзені арқылы өтетін көпір болса, екіншісі - Күршім ауданын өзге аудан, қалалармен байланыстырып тұрған пором өткелінің орнына түсетін көпір.

«Сіздерге екі үлкен инфрақұрылымдық жобаны қарастыруды ұсынамыз. Ертіс өзені және Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін екі көпірдің маңызы облыс үшін өте жоғары. Әсіресе Күршім ауданында ауқымды мыс кен орындары бар. Өкінішке орай, аталған бағытқа қарай транзит мәселесін шешу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан ауданда көптеген кен орындары әлі күнге дейін игерілмей жатыр. Егер Еуразиялық банк жобаны қолға алса, Үкімет те сөзсіз қолдайтын болады» - деді Даниал Ахметов.

Күршім ауданында салынатын көпір Бұқтырма су қоймасы орнаған кезден бері өзекті болып келген көлік және логистика мәселесін біржола шешеді деп күтілуде. Ал Өскемендегі көпір құрылысы көлік кептелісін жояды деген есеп бар. Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс орталығындағы көпір құрылысына 62 млрд теңге қажет.

«Жүзеге асыруға мүдделі жобаларды тереңірек зерделеп, бір шешімге келеріміз анық. Сіздің Ұлыбританияға жасаған іссапарыңыздың қорытындысынан хабардармын. Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлескен жобаларыңызға біздің тараптан да қызығушылық барын айтар едім. Жалпы, біздің банк жобаларға инвестицияны осы елдің ұлттық валютасында салуға мүдделі екенін айрықша атап өткім келеді» - деді Еуразия даму банкі басқармасының төрағасы Андрей Бельянинов.

Кездесу қорытындысында екіжақты серіктестік туралы меморандумға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар