ШҚО ғалымдары сүйек имплантының алғашқы үлгілерін жасап шығарды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде жергілікті техникалық университет пен металлургиялық зауыт қолға алған жоба аясында адам сүйегін алмастыратын имплантанттардың алғашқы үлгісі алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір жыл бұрын аталмыш университет базасында өңірдегі ірі кәсіпорындардың технологиялық бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған 7 жоба қолға алынған болатын. Бұл жобалар 2019 жылдың аяғына дейін жүзеге асады. Оларды Білім және ғылым министрлігі грант негізінде қаржыландырып отыр. Алғашқы траншпен бөлінген 900 млн теңгеге қажетті қондырғылар алынып, зертхана ашылды. Оның мамандары шетелде тағылымдамадан өтті.

«Қазцинк» және «ТМК» зауыттары өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу жобасын біздің ғалымдармен бірге қолға алған болатын. Жуықта «Қазцинк» кәсіпорны қалдықтардан алғашқы мырыш өнімін алды. Ал бүгін облыс әкімі Даниал Ахметовке прототиптеу және материалдарды өңдеу орталығының жұмысын таныстырдық. Мұнда соңғы үлгідегі 3D сканер мен 3D принтер, герман-жапон бірлескен кәсіпорны жасаған автоматты фрезерлік және жонғыш станоктар бар. Әсіресе 3D принтердің мүмкіндігі жоғары. Бүгінде кең тараған принтерлер көбінесе пластик сияқты қарапайым материалмен жұмыс жасайды. Ал біздегі принтер металл ұнтақтарынан дайын бұйым құйып шығарады» - дейді университет өкілі Дастан Оқасов.
 null   

Әкімге титан, тантал және ниобий металдарынан алынған имплантанттар мен магниттік-резонансты томаграфияға қажет жоғары өткізгіш сымның алғашқы үлгілері таныстырылды.

null

«Технология дайын, сызбасы бекітілді. Алғашқы үлгісі де көңілден шығып отыр. Енді осы дүниенің бәрін құжатта бекітіп, сертификаттау қажет» - дейді университет ректоры Жасұлан Шаймарданов.

Ғалымдар тантал мен титанды мұнай өндірісіне де пайдалануға болатынын айтып отыр. Бұл жобаны Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты қолға алмақшы.

null

«Мұнай құбырының ысырмалары ең жиі ауыстырылатын бөлшектердің біріне жатады. Үлкен температруа мен қысымға ең берік металдардың өзі желінеді. Бұл мәселені шешу үшін ысырмаларды сыртынан титанмен қаптасақ деген ой келді. Әлем бойынша мұндай технология жоқ. Ал бізде титан мен танталдың қоры мол екенін ескерсек, оны істеуге мүмкіндік бар. Іс алға басып, қажетті сертификаттарды кедергісіз алып жатсақ, мұнай өндірісінде кішігірім серпіліс жасаған болар едік» - деді зауыттың техникалық директоры Рустам Ахмадиев.

Аймақ басшысы қымбат бағаға алынған қондырғылардың мүмкіндігін барынша пайдалану қажеттігін атады.

null

«Мұндай қондырғылар алған кезде таңдау неғұрлым әмбебап нұсқаларына түсу керек. Өйткені бұл қондырғылар арқылы біз болашақ мамандарды сан түрлі өндірістік процестерге дайындауымыз қажет. Бір ғана өніммен шектелетін құрылғылар болмауы тиіс. Осы жағын ескеріңіздер» - деді Даниал Ахметов.

Соңғы жаңалықтар