ШҚО-ға Өзбекстаннан жеткізілетін жеміс-жидектің бағасы арзан болады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысынң басшысы Даниал Ахметов пен Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Икром Назаров өзара серіктестік мәселелерін талқылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Шығыс Қазақстан және Өзбекстан Республикасы арасында ауылшаруашылығы және машина жасау бағыттарында аймақаралық серіктестіктің Жол картасы жасалған.

«Бізді сіздерде құрастырылатын «John Deere» және «New Holland» фирмаларының жаңа үлгідегі тракторы мен комбайндары қызықтырады. Олардың сапасы жоғары, ыңғайлы, әрі бағасы да қолжетімді. Сонымен қатар, сіздердегі жапондық компаниямен бірлесіп шығаратын автобустарыңыз бен жедел жәрдем машиналарыңыздың да сапасы жоғары. Бұлардың барлығы «СемАз» кәсіпорнының базасында жасалады», - деді Даниал Ахметов.

«Біз Жол картасы бойынша жұмыс істеуге әзірміз. Ауыл шаруашылығы техникалары өндірісінің мүмкіндіктерін игеру үшін алдағы уақытта Хорезмнен келетін өкілдерді күтіп отырмыз».

Тараптар Өзбекстаннан жеміс-жидектер мен көкеністердің жеткізілу мәселесін де талқылады. Икром Назаровтың мәлімдеуінше, былтырғы жылы елде 18 млн тонна өнім алынған. 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 25 млн тоннаға арттыру жоспарланып отыр. Өзбекстандағы өсімдік шаруашылығымен айналысушылардың өз өнімдерін жеткізгісі келетін аймақтардың бірі - Шығыс Қазақстан. Осы кезде ШҚО-да қажетті жеміс-жидек өнімдерінің тізімі мен көлемі анықталып та қойған.

«Біз жеміс-жидек өнімдерін орталықтандырып әкелуге дайынбыз, сонда бағасы да арзанға түседі», - дейді Икром Назаров.

Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Икром Назаров Шығыс Қазақстанға сапары барысында «АЗИЯ АВТО», «УМЗ» кәсіпорындарында болып, өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесті. Бүгін ол біріккен кәсіпорындар құру мүмкіндіктерімен танысу мақсатында «СемАз» ЖШС-іне баруды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар