ШҚО-дағы су тасқыны: Даниал Ахметов әкімдерге демалыста босаңсымауды тапсырды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Наурыз мерекесі қарсаңындағы демалыста барлық әкімдерге босаңсымауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі, әкімдіктің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйеніп.

Су тасқынымен күрес шаралары талқыланған селекторлық жиында Даниал Ахметов аудан және қала әкімдеріне Наурыз мейрамы қарсаңында босаңсымауды тапсырды.  Облыс аумағында тасқын қаупі сақталуда.

«Қазгидромет» мамандарының хабарлауынша, күннің жылы райы кез келген уақытта тасқын қаупін өршітуі мүмкін.

Облыс әкімі әсіресе Жарма ауданының Шар қаласына баса көңіл бөлу қажеттігін ескертті. Шар өзенінің бойында жылдық қар мөлшерінің 30 пайызы еріп бітпеген. Осы өзеннің бойындағы елді мекендер мен Семей-Қалбатау жолы тұрақты бақылауда болмақ. Сондай-ақ, Үржар ауданының қыратты өлкелерінде қар суының жайылу қаупі бар.

«Даниал Ахметов өзінің орынбасарлары мен жергілікті әкімдерге суағарлар мен арық-бөгет жүйесінің жағдайын назарда ұстауды тапсырды. Әр аудан бойынша ағымдағы жағдайды бейнелейтін карта ұсынылып отыр. Ол картада әр ауданның қай ауылында, қандай көшеде қар суының мол жиналуы мүмкін екені анық көрсетілген. Мейрам күндері жергілікті әкімдіктер осы орындарды бақылауда ұстап, судың үйлер мен көшеге жайылуын болдырмауы тиіс» - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Соңғы жаңалықтар