ШҚО-дағы Бұқтырма су қоймасынан көпір салынатын болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталады. Бұл көпір Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті және Күршім аудандарының арасындағы көлік байланысын жолға қояды, деп хабарлайды YK-avto.kz.

ШҚО-ның Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдерінің айтуынша, ұзындығы 1300 метр болатын көпір облыс тұрғындарына «Қызыл ту» паромды өткеліне бармастан су қоймасы арқылы өтуге мүмкіндік береді.

«Бүгінгі таңда көпір құрылысын Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы қаржыландыру мәселесі қарастырылуда»,-деп хабарлады басқарма өкілдері.

Жобаны жүзеге асыруды бастау 2017 жылға жоспарланған.

Көпірді Құйған ауылынан солтүстік батысқа қарай 4 км қашықтықта орналастыру көзделіп отыр, ал оның екінші жағы Казнаковка ауылынан оңтүстік шығысқа қарай 25 км қашықтықта орналаспақ. Көпір көліктердің екі бағытта қозғалуына мүмкіндік беретін болады.
Ал көлік жүргізушілері ол көпірден тегін жүре ме, бұл жағы әзірге белгісіз. Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, бұл сауалдың жауабы техникалық-экономикалық негіздемелерінің зерттеулері жүргізіліп біткен соң белгілі болады.

Айта кетейік, ШҚО-да салынуы жоспарланып отырған көпір еліміз бойынша ұзындығы жағынан екінші орында болады. Павлодардағы Ертіс өзенінен өтетін ең ұзын көпірдің ұзындығы 3 км-ден асады.

Соңғы жаңалықтар