ШҚО-да зейнетке шығуы тиіс 2 мыңнан астам әйел құжаттарын әлі өткізбеген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Шығыс Қазақстанда биыл 58 жасқа толған 2 мыңнан астам әйел зейнетке шығу үшін құжаттарын әлі өткізбеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат altaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Биыл 58 жасқа толған 1959 жылы туған әйелдердің зейнеткерлікке шығатын мезгілі келді. Олар зейнетақы тағайындау үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына құжаттарын өткізулері тиіс. Тіпті жұмыс өтілі толық болмаған күнде де, құжаттарын рәсімдегендері абзал. Ал егер әйелдер құжаттарын биыл әзірлемесе, 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін оның зейнет жасына алты ай қосылады», - деп түсіндірді Еңбек, әлеуметтік даму және көші-қон комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Марина Шаронова.

Департаменттің мәліметтері бойынша, үстіміздегі жылы 58-ге толған 2 мыңнан астам әйел зейнетақыларын әлі рәсімдемеген.

«Бұған қоса, зейнет жасына жеткенімен, зейнеткерлік куәлігін алмағандар құрметті демалысқа шыққандарға қарастырылған әлеуметтік жеңілдіктерді пайдалана алмайды. Мамандар әйел адамдардың бұл салғырттығын түсіне алмай дал. Бәлкім кейбір жандар зейнетақыны жасына жеткеннен кейін мемлекеттің өзі тағайындап береді деп жаңсақ ойлауы да мүмкін. Не болмаса еңбек өтілім жеткіліксіз деп, қолдарын бір сілтеулері де ғажап емес», - деп жазады сайт.

Марина Шаронованың сөзіне қарағанда, әйел адамның еңбек өтіліне оның баламен отырған жылдары да кіреді. Әр балаға үш жылдан есептеледі, бірақ барлық жиынтық уақыт 12 жылдан аспауы қажет. Сонымен қатар 1998 жылға дейін мүгедек баланы он алты жасына дейін күтсе, бұл аралық та еңбек өтіліне саналады. Басшының орынбасары жыл аяғына дейінгі екі айда зейнет жасына іліккен әйелдердің құжаттарын тезірек тапсыруларын өтінді.

Әлеуметтік төлемдердің ведомствоаралық есептеу орталығында (бұрынғы зейнетақы төлеудің мемлекеттік орталығы) құжаттарын рәсімдемеген әйелдердің тізімі жасалып, олардың әрқайсысына қажетті құжаттардың тізімі мен ХҚКО-ның мекенжайлары жазылған ескерту қағаздары жіберілген.

«ХҚКО құжаттарды зейнет жасына он күн қалған күннен бастап қабылдай береді. Алайда болашақ зейнеткер қағаздарын реттеуді ертерек бастағаны дұрыс. Біздің департамент те, ХҚКО кез келген уақытта кеңес беруге әзір», - деп толықтырды Марина Шаронова.

 

Соңғы жаңалықтар