ШҚО-да тұрғын үй құрылысы жыл сайын 15-20 пайызға өсіп отырады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Биыл Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үйді пайдалануға беру 2015 жылға қарағанда 7%-ға өсіп, 340 мың шаршы метрді құрады. Биыл нәтиже бұдан да жоғары болады деп мәлімдеді облыс әкімі Даниал Ахметов тұрғындар алдындағы есепті кездесу кезінде.

2016 жылы облыста 707 жалдамалы пәтер және жергілікті атқару органдарының несиелеу есебінен салынған 769 пәтер пайдалануға берілді. 2016 жылы тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар 25,8 млрд теңгені құрады.

Биыл облыста жалпы ауданы 721,7 мың шаршы метр 116 көп пәтерлі үй салынады. Олардың жартысы - өткен жылдан ауысатын нысандар.

Барлығы 2017 жылы пайдалануға 356,9 мың шаршы метр тұрғын үйді енгізу жоспарлаған. Ғимараттардың басым бөлігі - көпқабатты үйлер, соның ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жалпы ауданы 120 мың шаршы метр 22 көпқабатты үй бар.

- Біз ары қарай тұрғын үй құрылысы көлемінің жыл сайынғы өсімін 15-20 пайызға қамтып отыруға дайынбыз, - деп атап өтті Даниал Ахметов. - Ерекше назар жекеменшік тұрғын үй құрылысына бөлінетін болады, өйткені, ол тұрғындардың негізгі бөлігі үшін барынша қолжетімді. Жекеменшік тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік коммуникацияларды тарту жалғасатын болады. Шағын аудандарға бірыңғай сәулет стилін беру үшін үйлердің типтік жобалар әзірленеді. Ниет білдіргендер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен заем ала алады.

2017 жылы 27 әлеуметтік нысан салынатын болады. Оның ішінде 17-сі - ауыспалы және 10-ы - жаңа нысан. Алты мектеп пен балабақшаның құрылысын аяқтау, сондай-ақ,  бес мектептің құрылысын бастау жоспарланған.

Өскемен қаласында 200 төсектік қалалық балалар аурухана құрылысы жалғасады. Мұнымен қоса, аймақ басшылығы облыс орталығында гемотологиялық орталық құрылысын бастауды және ғимаратты 212 қабылдауға арналған емхана ретінде қайта құруды жоспарлауда.  

 

Соңғы жаңалықтар