ШҚО-да су тасқыны жағдайы аса күрделі – министр Қасымов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны жағдайы аса күрделі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шығыс Қазақстан облысында жағдай аса күрделі. Қазіргі таңда онда 396 үй мен 185 аула су астында қалып отыр. Осыған байланысты Семей қаласында, Аягөз, Зырян және Шемонаиха аудандарында жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланды. Апаттық құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жасауға мыңнан аса адам, 200 бірлік техника, 96 мотопомпа және 10 қайық жұмылдырылған», - деді Қалмұханбет Қасымов.

Оның айтуынша, мемлекеттік материалдық резервтен Шығыс Қазақстан облысына 8 техника және жылжымалы электр стансысы берілді.

«Қазіргі таңда Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында да жағдай күрделі. Осы өңірлерде, сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Осыған орай жергілікті атқарушы органдар кез келген өзгеріске жедел шаралар қабылдауға дайын болуы керек»,- деді ол.

Министрдің дерегінше, республика бойынша барлығы 50 елді мекенде 1500-ден аса үйді су басты. 3800-ден астам адам көшірілді. Судың тасу себебі ауа райының күрт жылынып, жауын-шашынның нормадан 3 есе түсуі болды. Қабылданған шаралардың арқасында 1100-ден аса үй судан босатылды. 2700-ден астам адам үйлеріне қайтып оралды.

Соңғы жаңалықтар