ШҚО-да пара алған департамент басшысына 5,4 миллион теңге айыппұл салынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемен қаласында ҚР Ивестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті ШҚО бойынша департаментінің бұрынғы басшысы мен аталған ведомствоның бөлім басшысы 300 АҚШ доллары мөлшерінде пара алғаны үшін заңға тартылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сот материалдарына сәйкес, сотталушы А. 2014 жылдың қараша айында аталған департаментке басшы болып келген. 2015 жылы ол өз бұйрығы бойынша Е.-ны аталған департаменттің өнеркәсіптік қауіпсіздікке қатысты мемлекеттік бақылау бөліміне жетекші ретінде тағайындаған. 2017 жылдың ақпан айында департамент басшысының атына өндіріс саласымен айналысатын бір компанияның өндіріс нысанын кеңейту туралы өтініші келіп түседі. Жобаны тексеру барысында оның мақұлдауға лайық еместігі анықталған. Алайда А. мен Е. өзара сөз байласып, жобаның кемшілігіне көз жұма қарағаны үшін компания басшылығынан 300 АҚШ долларын талап еткен. Соманы бөлісіп алғанымен, қылмыс барысында екеуі ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қызметкерлеріне ұсталып қалған.

Сотта айыпталушылар процессуалдық келісімге келді. Өскемен қаласының №2 сотының үкімімен ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылған сотталушылар пара ретінде алған сомасын 70 еселеп (6,3 миллион теңге) қайтаратын болды. Департамент басшысы болған А. түпкілікті сот шешімі бойынша 5,4 миллион теңге сомасында айыппұл өтейді. Сотталушылардың мүлкі тәркіленбеген, алайда мемлекеттік қызметте еңбек етуге өмір бойы құқығы шектелді.

Аян Бекенұлы

Соңғы жаңалықтар