ШҚО-да Мұхтар Әуезовтың ескерткіші бой көтерді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданына қарасты Әуезов кентінде заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың ескерткішінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жарма ауданың «Қалба тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Мейірхан Оспанбаев хабарлағандай, ескерткіштің ашылуына бірқатар қоғам қайратерлері, соның ішінде Мұхтар Әуезовтың ұлы Мұрат Әуезов та келген. Заңғар жазушының 120 жылдығы өткен айда Абай ауданында аталып өткен. Біртуар тұлғаны Жарма ауданы да ұмыт қалдырмапты.

Аудан әкімі Нұрлан Сыдықовтың айтуынша, заңғар жазушы көзі тірі кезінде Жарма өңірінде болып, Ақжал деген кенішке барып, очерк жазған екен.

«Ескерткіштің бой көтеруіне демеушілік жасаған кәсіпкер Оразхан Қалиевке зор алғысымызды білдіреміз. Әуезовтың рухани мұралары ұрпаққа демеу болып, ізгілікке шақырып келеді. Уақыт өткен сайын жазушының еңбектерінің маңызы арта түспек. Өйткені оның туындылары адамзат дүниесіне тән мәңгілік құндылықтарды паш етеді. Әуезовтей ғұламаның шығармаларынан нәр алған ұрпақтың санасы сергек, ойы озық, рухы мықты болмақ. Бүгінгі іс-шара да осы мақсатты көздейді», - дейді Нұрлан Сыдықов.

Аудан әкімі ескерткіштің ашылуына келген жазушының ұлы Мұрат Мұхтарұлына, Ғарифолла Есім тағы бірқатар қоғам қайраткерлеріне ат мінгізіп, шапан жапты.

«Бүгін бұл өңірде, шынымен, ерекше мағыналы оқиға болып отыр. Әуезов кентінде еңселі ескерткіш өз орынын тауып отыр. Рухтанып отырмыз. Жақында ғана Мұхтар Әуезовтың Лондонда жинақтары шықты. Тәуелсіздігіміз бер елдігімізге, Мұхтар Әуезовтың үлесі зор деп білемін», - дейді Мұрат Әуезов.

Фотосурет: Мейірхан Оспанбаев

Соңғы жаңалықтар