ШҚО-да екі айға созылған іздестіруден кейін құтқарушының мәйіті табылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күршім ауданы Қалжыр өзенінде екі айға созылған іздестіру жұмыстары аяқталды. Бүгін түске дейін, Қалжыр өзенінен Шығыс өңірлік аэромобиль жедел-құтқару жасағының құтқарушылары  9-бөлімшедегі өз әріптестерінің денесін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап.

Елдос Нұрпейісов биыл желтоқсан айында 30 жасқа толар еді. 3-сыныптық сүңгуір-құтқарушы барлық іздеу-құтқару жұмыстарына белсенді қатысып келген. Оның есімі әріптестерінің есінде еңбекқор, жауапты және елгезек қызметкер ретінде мәңгілік сақталады.

Елдостың артынан жұбайы мен үш баласы қалды.

Еске салайық, 14 мамыр күні Елдос Нұрпейісов суға ағып кеткен ауылдасын іздестіріп жатқан іздеу-маневрлі топтың құрамында болған. Ағыстың қатты болуы салдарынан үрленетін қайығы аударылып кеткен.

Елдос Нұрпейісов туыстары мен жақындарына Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің басшылығы көңіл айтты.

Іздеу-құтқару жұмыстары жолы қиын жерлерде жүргізілді. Қатты ағыс, өзен деңгейінің жоғарылауы, су тасқыны кедергі келтірген. Жүзу құрылғыларымен жұмыс жүргізу тек қиын болып қана қоймай, қауіп те төндірген.  

Соңғы жаңалықтар