ШҚО-да балықшы суға кетті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Күршім ауданының Алғабас ауылында балық аулауға шыққан көлік мұз астына кетіп, бір адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алғабас ауылынан 4 шақырым жерде «Nissan Almera» көлігі мұз астына кетті. Өскеменнен балық аулауға келген үш адам маңайды толық зерттеместен мұз бетіне шыққан» - делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Суға батқан көліктің ішінде бір адам қалып қойған. Құтқарушыларды аман қалған екі жолдасы телефонмен шақырыпты.

«1966 жылғы екі ер адам батқан көліктен өз күштерімен шығып үлгерген. Күн кешкіріп кеткен кез болатын. Су астында қалған адамды ертеңінде іздеуге тура келді. Ал аман қалған екі балықшыны жергілікті жедел жәрдем қызметіне тапсырдық. Келесі күні сүңгуірлер 68 жастағы марқұмның денесін 3 метр тереңдіктен алып шықты» - дейді Шығыс өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының бөлім жетекшісі Талғат Нұржанов.

Қайғылы оқиға болған аумақта мұздың қалыңдығы 20 сантиметр ғана болған. Оның үстіне мұздың бетінен қызылсу жүрген. Бұл жүргізушінің ізден жаңылуына себепкер болған.

Бұған дейін Бұқтырма су бөгеніне жеті көлік батқанын хабарлағанбыз.

Бұл биылғы жыл үшін адам өліміне соқтырған алғашқы оқиға. Құтқарушылар халықтың мұздан балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейтінін айтады.

«Мұз бетіне шықпас бұрын әуелі маңайды толық зерттеп алу қажет» - дейді Талғат Нұржанов.

Соңғы жаңалықтар