ШҚО-да ауыр есірткі тасымалы күрт азайған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан аумағында ауыр есірткі түрлерінің тасымалы азайып, құрамында есірткі заттектер бар дәріге сұраныс артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда есірткінің заңсыз айналымымен күрес жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы құрылатын болды. Құзырлы органның алқа мәжілісінде осындай шешім шығарылды.

Прокурорлар облыста есірткі ахуалының біршама өзгергенін атап өтті. 2012 жылы 10 кг героин тәркіленсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 365 грамға дейін азайған. Дегенмен, бағасы қолжетімді есірткі түрлеріне сұраныс артқан. Бұл азық-түліктік көкнәрдан жасалатын сірінді апиын, жасанды заттардан дайындалатын жүйкеге әсер ететін есірткілік заттектер, сондай-ақ, дәріханада сатылатын дәрі-дәрмектер.

Отырыс барысында дәрі-дәрмектік нашақорлықтың алдын алу бойынша қабылданатын шараларға баса назар аударылды.

Әкімшілік Кодексте дәрі-дәрмектік нашақорлыққа жол берілген жағдайда фармацевтикалық қызметке құқық беретін лицензияны қайтарып алу жазасы жоқ екені анықталды.

Прокурорлардың пікірінше, кәсіпкерлерді айыппұл тоқтатпайды (70 АЕК-тен 130 АЕК-ке дейін). Себебі бұл сома нашақорларға есірткі дәрілерін сатудан түсетін табыстан әлдеқайда аз. Осыған байланысты, Бас прокуратураға заңнаманы жетілдіру туралы тиісті ұсыныстар жолданды.

«Шығыс Қазақстан облысында өткен жылы есірткінің заңсыз айналымына байланысты 768 құқықбұзушылық тіркелген. Қылмыстық жауапқа 535 тұлға тартылды» - делінген баспасөз мәліметінде.

Ал жаңадан құрылған топ өз жұмысының алғашқы қорытындыларын қараша айының басында жарияламақ.

Соңғы жаңалықтар