ШҚО-да алапат дала өртінен 200-ден астам мал қырылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының арнайы комиссиясы өткен демалыс күндері 3 мың гектарды шарпыған дала өрті келтірген шығынды есептеуде.

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында комиссия басшысы аудан әкімінің орынбасары Серікқазы Сәдуақасовтың айтуынша, осы күндері жұмыс тобы 150 шақырымға созылған аумақты тексеріп шыққан. Бастапқы мәлімет бойынша, 12 отар өртеніп, 212 мал (соның ішінде 202 бас қой-ешкі, 7 бас ірі қара және 3 жылқы) өлген.

Бұрын ҚР ІІМ ТЖК өрт салдарынан 40 бас жылқы және 50 бас ірі қара өлгенін мәлімдеген болатын.

«Бастысы, осы апатта адам шығыны болған жоқ, қалған дүниенің орны толады. Ертең таңертең барлық шаруа қожалықтары мен жергілікті әкімдерді жинаймыз. Өрт апатының салдарын талқылап, зардап шеккен қожалықтарға қалай көмектесу жағын ойластырамыз», - дейді арнайы комиссияның басшысы С. Сәдуақасов.

Оның айтуынша, өрттің жалпы залалы туралы айтуға әлі ерте, аумақ өте үлкен, жұмыс тобы тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

«Өртті Қабанбай ауылына 5-6 шақырым, Алакөл өзенінің жағалауындағы демалыс базасынан бірнеше шақырым қалғанда сөндірудің сәті түсті», - деді ол.

Еске сала кетсек, 9 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданының Қабанбай ауылында үш мың гектардан астам жерді өрт шарпыған болатын. Қабанбай ауылынан 8 километр қашықтықта орналасқан қыстаулардан 21 адам, соның ішінде 8 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Күшті жел мен көп жердің батпақты болуы өртті сөндіруді қиындатып жіберді.

Соңғы жаңалықтар