ШҚО-да акушер тастанды баланы құтқару үшін өзі емізген

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен қаласының іргесіндегі Прапорщиков ауылының акушері үсік шалған нәрестені құтқару үшін ақ сүтін аузына тамызған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға ақпан айында болғанымен, оның мән-жайы енді белгілі болып жатыр. Прапорщиков ауылының тұрғыны өз баласын «тастанды шарана» ретінде Өскемендегі ана мен бала орталығына өткізбекші болған. Глубокое ауданының жедел жәрдем қызметіне «103» нөмірі арқылы хабарласқан келіншек көшеден жаңа туған нәрестені тауып алғанын хабарлаған. Учаскелік полицей тексеру барысында баланың анасы қоңырау шалған адамның өзі екенін анықтаған.

Дәрігерлер баланы аман алып қалу үшін біраз әуреге түскен екен. Өйткені, 6 айлығында шала туған баланың салмағы 1,5 келі ғана болыпты. Оның үстіне анасы далада босанғандықтан, қатты тоңып қалса керек.

«Әдетте мұндай нәрестелердің жүрек соғысы минутына 140-150 болады. Ал бұл баланың жүрек соғысы 55-тен аспады. Өмірі қыл үстінде тұрғандықтан, омырау сүтін емізу керек еді. Қасымдағы акушер Жауқазын Сағидолдинова өз сүтін аузына тамызды. Осыдан кейін ғана баланың беті бері қарады. Біз оның анасын көрген жоқпыз. Ол кезде әйелді полиция қызметкерлері тергеуге әкеткен. Үй өте суық болды. Үшеулеп жүріп баланы пештің үстіне ұстап, жаялығын үздіксіз отқа жылытып отырдық. Одан кейін жедел жәрдем келіп, Өскемендегі ана мен бала орталығына әкетті» - дейді ауылдық амбулаторияның бас дәрігері Лена Мусина.

Ауыл дәрігерімен бірге жеткен учаскелік полиция қызметкері Руслан Оразаметов баланың мүшкіл халін көріп, өз әйелін алдырған. Алайда әлсіреп қалған бала өздігінен еме алмаған екен.
Қазір нәрестенің денсаулығы оңала бастаған. Бұл қылығын нәрестенің анасы күйеуінің тұрақты жұмыста жоқ болуымен, отбасының әлеуметтік жағдайы төмендігімен түсіндірген. Басында бұл оқиғаға байланысты іс қозғалып, кейін тоқтатылған. Ананың баласын далаға тастамай, дәрігер шақырғаны ескеріліпті. Нәресте шираған соң туған үйіне оралатын болды.
Айта кетейік, осы ауылдың учаскелік полицейі Руслан Оразаметов қыс ортасында ауласына су жайылған зейнеткер мен немересін қарғын судың құрсауынан құтқарып қалған болатын.   

Соңғы жаңалықтар