ШҚО-да адасып кеткен үш жасар қызға тәулік бойы іздеу жүргізілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Бесқарағай аудандық ішкі істер бөлімініе үш жасар қыздың жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті. Белокаменка ауылының 37 жастағы тұрғыны полицейлерге бірнеше сағаттан бері қызын таба алмай жүргенін айтты, деп хабарлады ШҚО ІІД-ге сілтеме жасап «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қыз көрші аулада балалармен ойнап жүрген, оны соңғы рет түс ауа көрген.

АІІБ бастығы Талғат Темірбековтің басшылығымен тергеу-жедел тобы дереу жоғалған қызды іздеуге кірісті. Ішкі істер бөлімінің жеке құрамы - полицейлер төрт бағытта іздеу жұмыстарын жүргізді. Түні бойы полицейлер ұйықтамай, ауылдың маңын торуылдап шықты. Түнде іздеу шаралары еш нәтиже бермеді.

26 маусым таңертең ШҚО ІІД басшылығы облыс орталығынан тікұшақ шақыртты, ол ауылды аралап қарап шықты. ТЖҚ қызметкерлері жүзу құралдарымен Ертіс өзенінен іздеді. Өзен ауылдан 150 шақырым жерде орналасқан. ІІД-нің қосымша күші, әкімдік қызметкерлері, ауыл тұрғындары (шамамен 300-дей адам) да тартылды. Ұзын қамыс, шөптер, орман іздеу жұмыстарын қиындатты.

Кешке таман ауылдан төрт шақырым жерде қамыс қопасының арасынан қызды аман-есен күйде бақташы мен полиция учаскелік инспекторы тапты. Үлкендерді көрген бүлдіршін олардан печенье мен сусын сұраған.

Қазір оны медицина қызметкерлері тексеруде.

Соңғы жаңалықтар