ШҚО-да 8000 текше метр қар көшкіні жасанды жолмен түсірілді

None
None
ӨСКЕМЕН.  ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан  «Қазселденқорғау» мекемесі мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары көшкін түсуі мүмкін аймақта жасанды жарылыстар жүргізе бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өскемен-Горная Ульбинка-Северное»  бағытындағы жолдың 30-37 шақырымында қар көшкінін жасанды жолмен түсіру шаралары жүргізілді. Алдын алу шаралары екі бірдей бөлікте өткендіктен аталмыш жолда қозғалысқа уақытша шектеу қойылған болатын.

«Жасанды жолмен түскен қардың көлемі 8000 текше метрді құрап, жолды тұтастай жауып қалды. Арнайы техникалар жолды түске дейін аршып үлгерді. Сағат 12.30-да көлік қозғалысы қайтадан қалпына келтірілді» - делінген ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. 

Жасанды жарылыс кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Облыстың таулы аудандарында көшкін қаупі бар. Сондықтан төтенше жағдай мамандары қарлы жоталарға  шықпауға кеңес береді. Ал «Қазселденқорғау» мекемесі күн сайын қардың қалыңдығын өлшеп, мониторинг жүргізіп отыр.

Мамандар көшкіннен сақтанудың төмендегідей ережелерін ұсынады:

1. Толассыз қар жауғаннан кейін 2-3 күн бойы тауға шықпау қажет.

2. Тауда жүргенде айналаңыз айқын көрінетініне көз жеткізіңіз. Тұман көшкін қаупін арттыруы мүмкін.

3. Көшкін қаупі бар деген аумақтан шуламай, айқайламай өту қажет.

4. Қары кетпеген таудың маңында аялдап, шатыр тігуге болмайды.

5. Көшкін қаупі бар аумақта көлік қаңтарудан аулақ болыңыз.

Соңғы жаңалықтар