ШҚО-да 12 ауданда сабақ тоқтатылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс қазақстан облысының 12 ауданы мен үш қаласында қақаған аяздың салдарынан оқушылар сабақтан босатылды. Қазір төтенше жағдай қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Бүгін Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Глубокое, Аягөз аудандарының мектептерінде бірінші ауысымда оқитын 1-9 сыныптардың оқушылары үшін сабақ болмады. Ал ауа температурасы 35 градустан төмендеген Зырян, Шемонайха, Бородулиха, Жарма, Бесқарағай аудандары мен Курчатов қаласында 1-11-сынып оқушылары, колледждің 1-2 курс студенттері, Көкпекті, Абай, Катонқарағай аудандарында 1-4-сынып оқушылары оқудан босатылды.

«Қазгидромет» мамандарының болжамына сүйенсек, 22-26 қаңтары аралығында облыста аяз күшейіп, түнде ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендейді. Халықты құлақтандыру үшін қазір ұялы телефондарға 112-ден хабарлама жіберіліп, облыстық төтенше жағдайлар департаменті сақтық шараларын күшейтті.

«Осындай кезде облыс тұрғындарының бір-біріне қол ұшын бергені абзал. Көлігі бар адамдар жаяу жүргіншілерге жақсылық жасап, оларды баратын жеріне дейін жеткізіп тастауға көмек берсе дейміз. Өйткені жақсылық жасауды әр адам өзінен бастау керек», - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Анастасия Скляр.

Төтенше жағдайлар қызметі облыс тұрғындарын аяздың беті қайтқанша алыс жолға шықпауға кеңес береді. Ал дизельмен жүретін көліктер үшін барлық бағыттағы жолдар жабық.

Соңғы жаңалықтар