ШҚО әкімі Қазақстандағы үштілділік мәселесіне қатысты пікір білдірді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде үштілділіктің пилоттық жобасы туралы айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ШҚО әкімінің ақпарат орталығына сілтеме жасап. 

«Біз келіссөздер жүргізіп, Білім және ғылым министрлігінің үштілділік бойынша пилоттық жобасын жүргізуге келісім алдық. Бірақ, бұл жұмысқа кіріспес бұрын, аудит жүргіздік. Оның нәтижесі қуанта қоймады. Бірақ! Бұл сіздер мен біздердің ұстаздарымыз, оны жақсы түсінемін. Менің анам 46 жыл бойы бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етті. 90-жылдардың ортасы мен 2000 жылдардың басында жағдай солай болған еді», - деп атап өтті ШҚО әкімі.

Даниал Ахметовтың айтуынша, барлық 3400 мұғалім ағылшын, қазақ және орыс тілдерін үш жыл бойы үйренетін болады.

«Өткен жылы ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін мұғалімдерге ағылшын тілінде сөйлейтін мамандар сабақ берді. Енді қазақ тіліне келетін болсақ, бұл пәннен сабақ беретін мұғалімдерді біздің үздік педагогтарымыз үйрететін болады. Қазақ мектептерінде орыс тіліне үйрету де дәл солай жүзеге асады. Барлығын аталмыш тілде еркін сөйлейтін адамдар үйретеді», - деп түсіндірді Ахметов.

«Қазіргі таңда қазақ тілін Кэмбрид университетінің ағылшын талаптары негізінде үйрету қолға алынған. Ағылшын тілі де кэмбридждік жүйемен оқытылып жатыр, яғни көбірек сөйлеп, грамматиканың аз болуы тәсілі», - деп түсіндірді облыс әкімі.

Сонымен қатар, Даниал Ахметов: «Біз елімізде алғашқылардың бірі болып өз оқулықтарымызды шығарып, барлығын қамтамасыз еттік. Бұл - латын әрпіне тез үйренуге жасалған алғашқы қадам. Ал, латын әліпбиіне ауысу - ағылшын тіліне көшу деген сөз! Ағылшын тілін жақсы үйренсек, латиницаны да жетік меңгеретін боламыз», - деп түсіндірді әкім.

Даниал Ахметов өз сөзін қорытындылай келе, әлемнің 40%-ы латын әрпін қолданатындықтан, біздің таңдау да латиницаға келіп түскенін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар