Шипажайларда мүгедектер үшін жағдай жасалмаған - депутат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мүгедектердің жартысынан көбі шипажайларда демала алмайды. Себебі осы санаттағы азаматтарға тиісті жағдай жасалмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жанат Омарбекованың айтуынша, «Бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 50 проценті санаторлық-курортық шараларға, оңалту қызметтеріне қатыса алмай жүр. Себебі ондай қызметтер қолжетімсіз. Сосын мүгедектерді емдеу бойынша арнайы курстар жоқ. Алдағы уақытта аталған мәселе шешіледі деп ойлаймыз. Депутаттар да осы іске атсалысатын болады. Біз барлық ұсыныстарды нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеу кезінде ескеруге дайынбыз», - деді Ж.Омарбекова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Мүгедектер конфедерациясын басқарып жүрген Ж.Омарбекова мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалтуға біраз ақшаның бөлінетінін де жеткізді. Алайда аталған қызметтер қолжетімсіз болғаннан кейін мүгедектер оңалту шараларына қатыса алмайды.

 «Қазақстанда мүгедектердің саны барлық халықтың 3,7 процентін, нақты айтсақ, 651 мың адамды құрайды. Олардың ішінде балалар да бар. Қазіргі кезде аталған көрсеткіштің өсуі байқалады. Сондықтан мүгедектерге арналған профилактика мен оңалту шараларының маңызы зор. Мысалы, мен өзім шетелде емделдім. Ол жақта оңалту шараларына көп көңіл бөлінеді. Дәрігер ота жасағаннан кейін адамды міндетті түрде оңалтуға жібереді. Өкінішке қарай, ол жағынан біз қалып келеміз», - деп атап көрсетті Ж.Омарбекова.

Айта кетейік, бүгін Астанада «Шипажай» халықаралық форумы басталды. Форум елордада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Аталған шараның негізгі мақсаты - санаторлық-курорттық қызметтерді дамыту, сондай-ақ осы саладағы өзекті мәселелерді талқылау.

Соңғы жаңалықтар