Шілдеден бастап «Е-Үкімет» веб-порталынан 20 қызметті электронды қолтаңбасыз алуға болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап «Е-Үкімет» веб-порталынан 20 қызметті электронды қолтаңбасыз алуға болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халыққа қызметтің барынша сапалы  көрсетілуі азаматтардың мемлекеттік органдар жұмысына  сенімін арттырудың бірден-бір жолы екенін Елбасы үнемі айтып келеді. Осыған сай мемлекеттік қызмет көрсету саласын дамыту ісі жыл өткен сайын кеңейе түсуде. Бұл жұмыстар әсіресе өткен жылы Мемлекет басшысының  тапсырмасы бойынша «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылғаннан кейін айрықша қарқын алды деп айтуға болады. Осының арқасында Халыққа қызмет көрсететін барлық орталық бір жүйеге топтасып, қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік туды», - деді ол.

Министрдің дерегінше, бүгінгі күні корпорация базасындағы 986 кеңседе 21 мыңға жуық маман жыл сайын халыққа 40 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетеді. Өткен жылы мобильді орталықтар көрсеткен қызметтер 500 мыңға жуықтаса, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар 40 мыңға жуық қызметке қол жеткізді. Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары 1 млн. 200 мың қызмет көрсетті.

«Осындай көрсеткіштердің нәтижесінде халықтың мемлекеттік  қызметке көңілінің толуы 80  пайыздан асты деп айтуға болады. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бүгінгі күні Үкімет жоспарының аясында қызметтерді көрсетудің тиімділігін арттыруда. Жаңа технологияларды енгізу және қызмет көрсету аясын ұлғайту бойынша көптеген жұмыстар атқаруда. Солардың ішінде биылғы жылы дайын құжаттарды үйге жеткізу, көрсетілген қызмет нәтижесі туралы СМС-хабарлама жолдау, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі клиенттер үшін онлайн-сурдоаударма қызметтері іске қосылды. Бұған қоса сіздің (Үкімет басшысы Бақытжан Сғынтаев) тапсырмаңыздың аясында  биылғы  шілдеден бастап электронды үкіметтің веб-порталында электронды қолтаңбасыз алуға болатын 20 қызмет жүзеге асырылады. Жалпы бүгінгі күні мемлекеттік қызметтердің тізімінде 723 қызмет болса, соның 548-ін  мемлекеттік корпорация көрсетіп отыр», - деді Дәурен Абаев.

Соңғы жаңалықтар