Шетелге сапарлайтын қазақстандықтар ең алдымен нені ескеруі керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелге демалуға немесе басқа себептермен шығып бара жатқан қазақстандықтар ең бірінші кезекте нені ескеруі керек? Барған елдің әуежайына жеткен кезде-ақ сол мемлекетке кіргізілмейтінін білген жағдайда азаматтар қайда жүгінуі тиіс? ҚазАқпарат тілшісінің осы қатарлы ресми сауалдарына ҚР СІМ жауап берді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан азаматтарының кейбір елдерге кіргізілмеуіне не себеп болып отырғанын жазған едік. Мәселен, осы жылдың ақпан айының 20-ы кезінде Корея Республикасына барған 20 қазақстандық азаматты жергілікті билік себебін еш түсіндірместен әуежайда қалуға мәжбүр еткен болатын. Жалғыз Корея емес, тағы бірқатар мемлекетте қазақстандықтардың осындай жағдайға тап болғаны айтылған.

ҚазАқпараттың ресми сауалына жауап берген ҚР Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтардың кейбір елдерге кіргізілмеуінің себептерін тарқатқан еді. Атап айтқанда, мұндай жағдайға тап болмас үшін шетелге шығатын азаматтардың визаны ресімдеп, жеткен елдің әуежайында сұрауға нақты мақсатта жауап беруі керектігі айтылған болатын.

Ал дәл осындай жағдайға тап болған қазақстандықтар не істеуі керек? Мұндай жағдайда қазақстандықтар кімнен қандай көмек сұрай алады? ҚазАқпараттың бұл сұрағына ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сатыбалды Бұршақов жауап берді.

«Мұндай жағдайларға тап болмас үшін әрбір ҚР азаматы шет елге шығар алдында ол елдің жергілікті заңы мен шетелдіктердің болу тәртіптерінен хабардар болғаны жөн. Сондай-ақ, шет елге туристік визамен барған азаматтар жұмысқа алынбайтынын қатаң ескертеміз. Бірқатар шет елдерден (шенген елдері, Түркия, АҚШ және т.б.) шығарылып жіберілген ҚР азаматына ағылшын тілінде ресімделген шығарып жіберілуі туралы құжат беріледі. Бұл құжатта шығарып жіберудің себебі көрсетіледі. Бұл шешімге шағым жасау үшін ҚР-дағы шетел Елшілігіне жүгіну қажет», - деп жауап берді Сатыбалды Бұршақов.

Оның айтуынша, қазақстандық азаматтар жоғарыда көрсетілген келеңсіз жағдайларға тап болса, дереу сол елдердегі ҚР консулдарына хабарласуы керек. Сондықтан, ҚР Сыртқы істер министрлігі әзірлеген «SmartTravel» мобильдік қосымшаны жүктеп алған жөн.

«Халықаралық тәртіп бойынша шет елге шыққан азаматтың қолында медициналық сақтандыру құжаты болуы тиіс. Сақтандыру құжаттарында қандай оқиғаларға, тосын жағдайларға душар болғанда сақтандырылатыны атап көрсетіледі. Егер кенеттен болған оқиғаларға (ауырып қалу, автокөлік апатына ұшырау т.б.) душар болған адамның сақтандыру құжатында көрсетілмеген болса, сақтандыру компаниялары шығынды төлеуден бас тартады. Сондықтан, шет елге шыққан әрбір ҚР азаматы сақтандыру құжаттарын нақтылап алғандары жөн немесе қалталарында (шоттарында) жеткілікті көлемде қаражаттарының болғаны дұрыс», - дейді Бұршақов.

2017 жылдың статистикалық мәліметтерін келтірген ҚР СІМ Кореядан заңсыз жүрген 1 512 ҚР азаматы өз еркімен Қазақстанға оралып, 617 азаматты жергілікті полиция депортациялағанын хабарлайды. Түркия Республикасынан да өткен жылы Сыртқы істер министрлігінен шығарып жіберілген 10 ҚР азаматтары туралы ақпарат келіп түскен. Сондай-ақ, елге кіруге тиісті визалары болмағандықтан және келу мақсатын дәлелдей алмағандықтан Литваға баратын 6 ҚР азаматтқа, Мексикаға 1, Панамаға 3 және Майндағы Франкфуртқа баратын 9 ҚР азаматқа сол елдерге кіруге рұқсат берілмеген.

Фото: tourism.interfax.ru

Соңғы жаңалықтар