Шетелдiктердi Республиканың шегiнен шығарып жіберу қалай жүзеге асырылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жоғарғы Сотта «Шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегiнен шығарып жіберу» атты тақырыпта «дөңгелек үстел» өтті.

Іс-шараға Жоғарғы және жергілікті соттардың судьялары, Жоғарғы Сот жанындағы ғылыми кеңестің мүшесі, Жоғарғы Соттың отставкадағы судьясы  Р.Юрченко, сондай-ақ, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Әділет министрлігі және Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің өкілдері қатысты.

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Нұржан Қайыпжан іс-шараны аша отырып, «дөңгелек үстел» тақырыбының өзекті мәселелерін, көші-қон заңнамасын жетілдіру мен оны дұрыс қолдану жолымен заманауи әлемде терроризмнің қаупіне қарсы тұру қажеттілігін атап өтті. Бұл шаралар еліміздің инвестициялық және туристік тартымдылығын көтереді.

Жоғарғы Сот тарапынан шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегiнен шығарып жіберу туралы азаматтық істерді қараудың сот тәжірибесіне, сонымен қатар көші-қон заңнамасын бұзуға байланысты әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесіне талдау жүргізілді. Көші-қон заңнамасының талаптарын қолдану бойынша Жоғарғы Соттың ұстанымы қалыптасты. 

«Дөңгелек үстел» өткізудегі мақсат - құқық қолдану тәжірибесінде туындайтын проблемалық мәселелерді анықтау, бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы мәселені талқылау.

Жоғарғы Соттың судьясы Альфия Савинова өз сөзінде, Қазақстан Республикасы 1966 жылғы 16 желтоқсандағы «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықаралық пактіні және өзге де халықаралық келісімдерді ратификациялағанын атап өтті.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде жүрген шетелдікті шығарып жіберу туралы арызды қарау формальді болмауы қажет, соттар Қазақстан Республикасының Конституциясын және ратификацияланған халықаралық шарттардың ережелерін ескерулері керек.

Әрбір адам өзінің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асырған кезде, тек қана заңмен белгіленген, басқа тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуді және мемлекеттік (ұлттық) қауіпсіздікті қорғауды, аумақтық тұтастықты, қоғамдық тәртіпті, қылмыстардың алдын алуды, имандылықты және халықтың денсаулығын қорғауды тиісті түрде қамтамасыз ететін шектеулер қолданылуы мүмкін.

«Дөңгелек үстелге» қатысушылар шетелдiктi Қазақстан Республикасының шегiнен шығарып жіберу туралы мәселені шешу кезінде заңнаманы біркелкі қолдануды қалыптастыру және халықтың көшіп-қонуы шеңберіндегі заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтты.

«Дөңгелек үстелдің» қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді.

 

Соңғы жаңалықтар