Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 332.21
EUR 391.74
RUB 5.57
CNY 50.08

Шетелдік және отандық ірі инвесторлар «Baikonyr Invest» алаңына жиналады

2017 жылғы 10 қараша 22:41 330

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат -  15-16 қараша күндері Қызылорда қаласында «Baikonyr Invest» ІХ инвестициялық форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықаралық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбындағы форумның мақсаты - өңір кәсіпкерлеріне шетелдік және отандық инвесторлармен өзара серіктестік орнатуға ықпал ету, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін бизнес, білім және ғылым өкілдерін біріктіру, экономиканы әртараптандыру жолында маңызды экономикалық бастамаларды дамыту.

Форум жұмысы пленарлық отырыстан және 5 секциядан тұрады. Оның бірі «Туған жерге тағзым» секциясына Қызылорда облысынан шығып, еліміздің өзге аймақтарында қызмет етіп жүрген іскер азаматтар қатысады. Ал 4 секцияның жұмысы «Қазақстан-Ресей», «Қазақстан-Иран», «Қазақстан-Қытай» және «Қазақстан-Өзбекстан» елдерімен ынтымақтастыққа бағытталған.

Форумға Ресей, ҚХР, Өзбекстан және Иранның делегациялары қатысады деп күтілуде. Сонымен бірге, шараға Түркия, Оңтүстік Корея, Малайзия елдерінен де қонақтар келеді деп жоспарлануда.

Шара барысында инвестиция талап ететін жобалар көрмесі мен В2В, G2B, G2G кездесулер ұйымдастырылып, бірқатар меморандумдарға қол қойылады. Атап айтқанда, пленарлық отырыс қорытындысымен: Қызылорда облысы әкімдігі мен түркиялық «Yildizlar SSS Holding» компаниясы арасында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісімге; «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ мен «Yildizlar SSS Holding» компаниясы арасында құрылтайшылық келісімге; Қызылорда облысы әкімдігі мен қытайлық «Xinjiang Bo Bao Trading Co.» компаниясы арасында Қызылорда қаласының сол жағалауында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қойылады деп күтілуде.

Оған қоса, әрбір секция соңында ынтымақтастық жөніндегі бірқатар келісімдерге қол қойылады деп жоспарлануда.

 

 

 

Басты сөздер: Аймақ, Қызылорда облысы, Инвестициялар, Экономика,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер